Іле ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

Іле ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

Жаңа жыл қарсаңында Іле ауданы Нұрғиса Тілендиев ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бағдат Қарасаев қатысты. Тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтаған аудан басшысы 2021 жылы Междуреченск ауылында дәл осындай дәрігерлік амбулатория, ал Өтеген батыр кентінде жаңа перзентхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетінін айтты.

Мұндай жағымды жаңалықтарға аудан тұрғындары да, медицина мамандары да риза.

Дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі Жұмагүл Өтеболатова: «Халыққа бұрын медициналық қызмет көрсеткен орын өте тар, шағын болатын. Қазіргі ғимарат одан 2-3 есе үлкен. Жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Медицина мамандары үшін ең бастысы - осы», - деді ол.

Бұған дейін ауылдық амбулатория болған ғимарат 1965 жылы салынған. Пациенттер мұндағы 4 палатада тиісті ем-домын алатын. Әрине, 3 мыңдай тұрғыны бар үлкен ауыл үшін бұл тарлық етті. Енді елді мекеннің жаңа медициналық құралдармен жабдықталған, сапалы салынған, 25 қаралушыға лайықталған жаңа дәрігерлік амбулаториясы бар. Мұнда 15 медперсонал қызмет көрсетеді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.