
Жаңа жыл қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде күрделі жөндеуден өткізілген екі әлеуметтік нысан – ауылдық мәдениет үйі мен спорт кешені пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Тескенсу ауылдық округіндегі Көлді ауылындағы мәдениет үйі 1989 жылы салынып басталып, сол күйі аяқсыз қалған болатын. Осы нысан «Жұмыспен қамту жол картасының» арқасында пайдалануға берілді. Ауылдықтарды қуаныштарымен аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев құттықтады.
Бұл нысанның қайта жаңғыртылуына бюджеттен аталған бағдарлама шеңберінде 215 млн. теңге бөлінген. Барлық құрылыс жұмыстарын «Нұр-Шапағат» компаниясы жүргізіп, мерзімінде сапалы аяқтады.
Бартоғай ауылдық округіндегі Құсайын Бижанов ауылының тұрғындары да Жаңа жыл қарсаңында қуанышқа кенелді.
Бұған дейін ауыл кәсіпкері Руслан Камердинов бос тұрған ғимаратты сатып алып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз ауылдық әкімдіктің балансына берген болатын. Соның арқасында бұл ғимаратқа да «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеу жасауға мүмкіндік туды. Құрылысы аяқсыз тұрған бұл нысанның күрделі жөндеуіне 369 млн. теңге бөлінді. «Энергохолдинг LTD» ЖШС мердігер ұйымы құрылыс жұмыстарын мамырда бастап, мерзімінде бітірді.
Жалпы Еңбекшіқазақ ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 8 млрд. 972 млн. теңгеге 109 жоба жүзеге асырылуда, соның 107-сі аяқталды.
Атап өтсек, Алматы облысында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 105,6 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында 1051 жоба жүзеге асырыла бастады. Осы жобалардың 451-і немесе 43% әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсартуға, 237-сі ТҮКШ мен абаттандыру мәселелерін шешуге бағытталды. Осы бағдарлама шеңберінде мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері салынып, ауылішілік жолдар, ауыз су жүйелері жасалып, күрделі жөндеуден өтті, жаңа жұмыс орындары құрылды. Жалпы өңірде экономиканың барлық саласында 60,3 мың жұмыс орны құрылды, соның 33,1 мыңы - тұрақты және 18,9 мыңы - "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында құрылды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.