Облыста соңғы аптада коронавирус өсімі 0,7% құрады

Облыста соңғы аптада коронавирус өсімі 0,7% құрады

Алматы облысында соңғы аптада коронавируспен сырқаттанудың өсімі 0,7% құрап, соңғы аптада 61 жағдай анықталды. Жалпы бүгінгі күні облыста 6725 жағдай тірлкеді, соның 5758-і сауығып шыққан. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов өңірдегі эпимемиологияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру барысы туралы брифинг кезінде айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Спикердің айтуынша, қазіргі кезде 328 адам стационарлық ем алуда, жан сақтау бөлімінде – 22 адам жатыр, 1 адам ИВЛ аппаратына қосылған. Мәселен, тек Талдықорғандағы областық инфекциялық ауруханада 58 пациент ем қабылдауда. Реанимация бөлімінде - 2 адам. Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Облыстағы медициналық мекемелерде 391 мобильді бригада пациенттердің шақыруы бойынша сырқаттарға үйінен амбулаториялық көмек көрсетуде. Желтоқсан айының өзінде ғана мобильді бригада 10 мыңнан астам шақыртуға шыққан.

Тұрғындарға өз бетінше емделуге болмайтынын, аурудың бірінші белгілері байқала бастағаннан-ақ мобильді бригаданың қызметіне жүгіну керектігін айтқан Батыржан Байжуманов зертханалар жұмысына да тоқталып отты. Өңірде барлығы 10 зертхана жұмыс істейді, бүгінгі күнге олар 333,2 мың зерттеу жасаған.

«1 желтоқсаннан бері 53 мың адам тестілеуден өткен, соның 978-інде тест оң нәтиже көрсеткен, соның ішінде бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған 339 адамнан немесе 35%-інен анықталды. Соңғы айларда сырқаттанудың неғұрлым көп жағдайы Талдықорған, Текелі қалаларында, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Көксу, Талғар, Іле, Ұйғыр аудандарында тіркелген. Қазіргі кезде Панфилов ауданы қызыл аймаққа енді. Талдықорған, Текелі қалалары, Көксу, Ұйғыр аудандары сары аймақта. Барлығы 8 санитарлық пост қойылған», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Б.Байжұманов дәрі-дәрмекпен қамту туралы да айтты. Мәселен, қазіргі кезде облыста вирусқа қарсы, ыстық түсіретін және бактерияға қарсы препараттар стационарлар мен амбулаториялық бөлімдерде жеткілікті мөлшерде бар. Олардың көтерме және бөлшек саудадағы бағалары ҚР ДСМ бұйрығымен бекітілген шекті бағадан аспайды. Сол сияқты ол инфекциямен ауыру жағдайының өсуіне байланысты 2020 жылғы 25 желтоқсаннан 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін карантин режимі күшейтілетінін ескертті. Бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде жаңа жылдық, мерекелік корпоративтер өткізуге тыйым салынған.

Батыржан Байжұмановтың айтуынша, Ведомствоаралық комиссияның тапсырмасына сәйкес оқу жылының ІІІ тоқсанынан бастап қауіпсіздік мақсатында 9,11,12 сыныптардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау отырып, аралас режимде оқуы қарастырылған. Оқу процесіндегі бұл өзгерістер туралы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова айтып берді.

Брифингінің соңында Батыржан Байжұманов облыс тұрғындарын өз денсаулықтарын сақтау үшін және өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды ушықтырмау үшін барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға, Жаңа жылды отбасында қарсы алуға шақырды.  

Еске салсақ, Алматы облысында індетке қарсы шараларға 13 млрд. теңге бөлінді, соның 8,9 млрд. Теңгесі екінші толқынға дайындыққа қарастырылған. Медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтуға көп көңіл бөлінді. Қысқа мерзім ішінде Талдықорғанда 200 орындық инфекциялық аурухана салынды. Талдықорғандағы және Алматыдағы көп салалы ауруханаларда ауыр науқастарға көмек көрсететін 2 COVID-орталығы ашылды. Балалар инфекциялық ауруханасының базасында қосымша балаларға арналған 2 COVID-орталығы жабдықталды. Қазір облыста 500-ден астам ИВЛ аппараты бар. Облыстағы 15 аурухана кислород стансаларымен жабдықталды.Шағын емхана түрінде жасақталған 12 жылжымалы медициналық кешен, 180 жедел жәрдем көлігі сатып алынды, соның арқасында санитарный автопарктер 80% жаңартылды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.