Панфилов ауданында дәрігерлік амбулатория ашылды

Панфилов ауданында дәрігерлік амбулатория ашылды

Алматы облысының Панфилов ауданында бір ауысымда 50 адам қабыладйтын дәрігерлік амбулатория ашылды. Нысан «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында салынды. Соның нәтижесінде  Пенжім ауылдық округіндегі 10 мыңнан астам тұрғын медициналық қызметпен қамтылады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

 Медициналық нысанның құрылысына 259,2 млн теңге бөлінген. Бұрын жергілікті тұрғындар амбулаторияның ескі ғимаратында қаралса, қазір үш елді мекеннің тұрғындары заманауи медициналық құралдармен жабдықталған жаңа нысанда емделеді. Мұнда зертхана мен стоматология бөлімі де бар. 

Жергілікті халық жаңа амбулаторияның ашылғанына дән риза. 

«Бұрын толық тексеруден өту үшін аудан орталығына бару керек болатын. Енді өз ауылымызда да жаңа медициналық орталық бар. Індетке байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан бізге амбулатория салып бергеніне ризамыз», -дейді ауыл тұрғыны Бекен ата.

Жалпы алаңы 707 шаршы метрлік жаңа нысанды іске қосу арқылы 42 адам жұмысқа орналастырылды. 4 дәрігер, орта буынның 28 қызметкері, 10 техникалық жұмысшының жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. 

Панфилов ауданы әкімдігінің хабарлауынша, ауданда барлығы 16 ауылдық дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Пенжім ауылдық округін дамытуға биылғы жылы 1 млрд. теңгедей қаржы жұмсалған.

Еске салсақ, Алматы облысында 235 дәрігерлік амбулатория бар. Жыл соңына дейін тағы 18 медициналық мекеме іске қосылып, салына басталған 2 нысанның құрылысы келесі жылы да әрі қарай жалғасады.  Соның ішінде құны 3,4 млрд. теңге болатын денсаулық сақтау саласының 10 жобасы  «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы іске асырылуда. 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.