Мектеп пен ауруханаға жабдықтар әперіп, тұрғындарға көмір түсіріп берді

Мектеп пен ауруханаға жабдықтар әперіп, тұрғындарға көмір түсіріп берді

Ұйғыр ауданында жеке кәсіпкер Тасқарасу және Шарын елді мекендерінің орта мектебі мен ауруханасына қажетті құрал-жабдықтар сатып әперді. Сонымен қатар аз қамтылған 25 отбасына көмір түсіріп берді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Тасқарасу ауылында 2000-ға жуық халық тұраса, соның 500-ден астамы - оқушы. Пандемия кезінде балалардың қауіпсіздігі алғашқы орында. Сондықтан бірінші кезекте санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға арналған жабдықтар көптеп алынған. Бұл тізімде 3000 бетперде, диспенсер, термометр,  залалсыздандыру сұйықтығы мен медициналық қолғап сияқты қажетті құралдар бар. Сонымен қатар спорттық жарақтар да жеткізілген.

Сондай-ақ Шарын аулының тұрғындары үшін де кәсіпкер тамаша тарту жасады. Мұнда да жергілікті орта мектепке компьютер, кеңселік жиһаздардан бастап барлық қажеттіліктер сыйға тартылған. Кәсіпкердің демеушілігімен ауылдық ауруханаға да санитарлық құрал-жабдықтар тапсырылды.  Осы екі ауылдағы аз қамтылған және көп балалы 25 отбасына 30 тоннадан астам көмір түсіріп берді.

Жаңа жылдың алдында ауылдастарына тамаша тарту жасаған Сырым Жомартұлына көпшілік дән риза.

Жалпы облыс көлемінде өңір халқын қолдау мақсатында мерекелер қарсаңында көмек шаралары ұйымдастыру туралы шешімді жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар бірлесіп қабылдаған. Оған кәсіпкерлер көптеп тартылуда. Шара аясында көмір мен отын әперу, азық-түлік жағынан көмектесу, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар беру, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына қыстық киімдер, оқу құралдарын әперу, мұқтаж отбасын қаржылай қолдау сияқты бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Бұл игі шараларға бюджеттен 46 млн. теңге, ал демеушілер қаражатынан 276,4 млн. теңге жұмсау жоспарланып отыр. Облыс бойынша көмек көрсетілетін адам саны 20 мыңға жуықтайды деп күтілуде.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.