Күні кеше Талдықорғанда көтерілген қатты желдің салдарынан шатыры бүлінген №12 орта мектептің төбе жабындысын мердігер құрылыс мекемесі қалпына келтіруде.
Естеріңізге салар болсақ, кеше сағат 18.30-да аяқ астынан көтерілген қатты желдің салдарынан Талдықорғандағы №12 мектептің шатыры жартылай бүлінген болатын. Бұл тұста желдің секундына 20 метрден астам жылдамдықпен соққандығын атап өткен жөн.
Төтенше жағдай орын алған жерге облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, қала басшылығы мен «Ютком» ЖШС мердігер мекемесінің өкілдері барып, келтірілген шығын көлемін анықтады.
Талдықорған қаласы бойынша төтенше жағдайлар туралы алдын ала ескерту және одан болған зардаптарды жою бойынша комиссияның хатшысы Александр Левиннің хабарлауынша, құтқарушылардың жедел тобының тарапынан мектеп шатырының бүлінген тұсындағы салбырап тұрған құрылыс материалдарының қалдығы дереу тазартылып, ғимараттың оңтүстік жағынан кіруіне тыйым салынды. Мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізген «Ютком» ЖШС мердігер құрылыс мекемесі кепілдік шарттарына сәйкес қалпына келтіру жұмыстарын өз мойнына алды.
Сондай-ақ қатты желдің салдарынан электр жарығының сөніп қалу деректерінің орын алуына байланысты қала тұрғындарынан телефон арқылы 70 өтініш-хабарлама түсті. Аудандық электр желілерін жедел қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «ТАТЭК» АҚ кезекшілікке тартылған мамандар бригадасының санын арттырып кешкі сағат 20.00-ге таман 50 өтінішті қанағаттандырып, мекен-жайлары бойынша электр қуатын қалпына келтірді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Орын алған жағдайға қатысты барлық қалпына келтіру және құрылыс жұмыстары облыс әкімінің жеке бақылауында.
*******
Қатты желдің әсерінен кеше Еңбекшіқазақ ауданындағы 4 мектеп пен Ескелді ауданындағы 1 мектептің шатырлары қирады. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, мектептің төбе жабындысын қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.
Облыстық білім басқармасы хабарлағанындай, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында Ә.Молдағұлова және Х.Бижанов атындағы мектептер, Қызыл-шарық ауылында М.Әуезов атындағы мектеп пен Есік қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы мектеп ғимараттарының шатырлары аздап бүлінген. Сондай-ақ Ескелді ауданы Көкжазық ауылындағы Балпық би атындағы орта мектеп ғимаратының да төбе жабындысы қираған.
Қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, келтірілген шығын көлемі анықталуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті зардаптарды қалпына келтіруде.