Бүгін Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Осы шарада мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі үшін, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшіноблыстың жетпістен астам азаматынамемлекеттік наградалар тапсырылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шара елдің азаттық жолындағы тағдырлы жолына арналған шағын театрландырылған көрініспен басталып, экранда бүгінге дейінгі қазақ тарихының сан қилы кезеңдері бейнефильм арқылы көрсетілді. Сахнаға Мемлекеттік Ту шығарылып, Гимн ойналды.
Жиналған қауымды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктерге тоқталып өтті.
- Қымбатты жетісулықтар!Сіздерді ұлық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!Тәуелсіздік – бабалардың арманы мен аманаты, халықтың ең киелі құндылығы. 2021 жылы рухы асқақ, тұғыры биік ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Бұл – біздің жас мемлекетіміз үшін үлкен тарихи белес.Осы жылдар ішінде Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтырды. Біздің Тәуелсіздік тарихының әр парағында Елбасымыздың ұшан-теңіз еңбегі, жанкешті ерлігі, жасампаз істері жатыр.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың байсалды саясаты Елбасының сындарлы жолымен жалғасып келеді. Осы жылдардаеліміздің жеткен жетістіктеріне жетісулықтардың да қосқан үлесі мол. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында облыс бюджеті 20 млрд. теңгенің айналасында болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 770 млрд. теңгеге жетті. Біз Елбасының тапсырмасына сәйкес, қант қызылшасын өсіруді қайта жаңғыртып, тоқтап тұрған Ақсу, Көксу қант зауыттарын іске қостық. Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруді бастадық. Ет және сүт өңдеу жолға қойылды. «Маревен Фуд», «Лукойл» сияқты 9 Трансұлттық компанияны тарта отырып, инвестициялық ірі жобалар жүзеге асырылды. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында өңірге табиғи газ тартылды. Республикалық «Талдықорған - Өскемен» автокөлік жолы жөнделіп жатыр.Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеден асады, ал ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 900 млрд. теңгеге жетпек, - деп атап өтті А. Баталов. Осындай іргелі жұмыстарды атқаруға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалғанын, сол сияқты биылғы жылы әлемде орын алған індетке байланысты үкімет дер кезінде шарақабылдап, соның арқасында облыс жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отырғанын айтты. Әсіресе, осы күрделі кезеңде Президенттің «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы үлкен көмек болған. Осы бағдарлама аясында өңірге республика бюджетінен 105,6 млрд. теңге бөлінген. Осы ауқымды сомаға 1051 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде 451 жоба немесе 43% әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсартуға, ал 237-сі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен абаттандыру жұмыстарына бағытталған. Облыс экономикасына 711 млрд. теңге инвестиция тартылып, 864 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
- Бірлігімізді көрсете отырып, біз Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне осындай айтулы жетістіктерімізбен аяқ басқалы отырмыз. Мұның бәрі жай ғана цифрлар емес, Тәуелсіздігіміздің, бірлесіп атқарған берекелі еңбегіміздің айқын жемісі.Жарқын болашаққа бет алған Мәңгілік Еліміздің мерейі үстем болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, дендеріңізге саулық, табыс пен молшылық тілеймін. Ел-жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деген Амандық Баталов сөзінің соңындаНұр-Сұлтан қаласына марапаттау салтанатына барғанындағы Елбасының облыс халқына деген ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.
Салтанатты жиынды облыс басшысы бұдан әрі марапаттау рәсімімен жалғастырды. Талғар аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қалимолда Байболов, Алматы көпсалалы ауруханасының бөлім меңгерушісі Әлима Көпбаева, Жамбыл ауданындағы «Zhambyl Keramzit Company»ЖШС директоры Марат Мырзағалиұлы және басқа да бір топ азамат «Құрмет» орденін иеленсе, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алғандар қатарында Сарқан ауданындағы «Ақ-Бұлақ продукт» ЖШС жұмысшысы Бауыржан Қалимолданов, Талғар ауданындағы «Zeta»өндірістік компаниясының құрастырушысы Дәулет Намазбаев, «Текелийский энергокомплекс» ЖШС машинисі Ақан Хайруллин бар. Сол сияқты «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, мемлекеттік қызмет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да экономиканың маңызды салаларында еңбек етіп жүрген бірқатар жетісулықтармарапатталды.
Осы күні алты азаматқа «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Атап айтқанда, Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменова, еңбек ардагері Елеусіз Сұлтанғазиев, «Айналайын» балалар үйінің әдіскері Несіпжамал Баймадиева, «АЮ ТАС» ЖШС құрылтайшысы Алпысбай Рахимов, белгілі кинорежиссер Талғат Теменов, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов «Алматы облысының Құрметті азаматы» атанды.
Өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген Сенат депутаты Л.Сүлейменова:
- Ең алдымен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлын Елбасымыздың қолынан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін алуымен шын жүректен құттықтаймын. Осы қуанышпен барлық жерлестерімді де құттықтаймын. Өйткені бұл – барша жетісулықтарға берілген үлкен марапат деп есептеймін. Мен үшін Алматы облысының орны бөлек. Азамат ретінде қалыптасуым, мемлекеттік қызметтегі жолымосы өлкеден басталған. Сондықтан бүгінгі «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын алу – мен үшін биік мәртебе. Осы атаққа ұсынып, қолдап, құрмет көрсеткен мәслихат депутаттарына, барша қауымға ризашылығымды айтамын. Осы құрметті әрқашан ақтап жүруге, лайықты болуға сөз беремін, - деді Л. Сүлейменова.
Сол сияқты кинорежиссер Талғат Теменов те пікір қосып, көпшілікті мерекемен құттықтады. Өнер иесі алғаш еңбек жолын Талдықорған театрынан бастап, осы өлкеде шаңырақ көтергенін еске алды. Өмір жолының қалыптасуына зор ықпал еткен туған жеріне ерекше әрқашан тебіреніспен келетінін айтты. «Алматы облысында туғанымды мақтан етемін», - деді марапат иесі. Осы жиында мемлекеттік нагдараға ие болған бірқатар азаматтар сөз алып, игі тілектерін жеткізді.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі