Елбасы қатысқан форум барысында Ұзынағашта балаларды оңалту орталығы ашылды

Елбасы қатысқан форум барысында Ұзынағашта балаларды оңалту орталығы ашылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен астанада Елбасының «Ел Үміті» және «Қамқорлық» бастамалары бойынша «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» форумы өтті. Форум аясында бейнебайланыс режимі арқылы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы орталық аудандық аурухана базасында балаларды оңалту орталығы ашылып, «Елбасы медалі» жобасы мен ауыл мектептері арасында «Мың бала» Ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Форум барысында «Ел Үміті» және «Қамқорлық» бастамаларының аясында Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен жүзеге асырылған білім беру, әлеуметтік қолдау, жастар саясаты салаларындағы жобалар туралы баяндалды. Елбасы бастамалары жобаларының белсенді қатысушылары мен жүлдегерлері анықталды. Оларды «Ел Үміті» бастамасының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әсет Исекешев тапсырды. «Елбасы медалі» жобасының жеңімпаздары арасында Жамбыл ауданынан Әсемай Әділханқызы бар. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 3 курс студенті. Тұңғыш Президент қоры «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің қолдауымен ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдауға арналған «Қамқорлық» бастамасын жүзеге асыруда. Осылайша оңалту орталықтарының жаңа моделі өмірге келді.

Аталған бастама шеңберінде форум барысында еліміздің  8 өңірінде балаларды оңалту орталықтары ашылды, соның ішінде Алматы облысы да бар. Әрбір оңалту орталығы заманауи цифрлы технологияларды қолдана отырып, сапалы отандық және шетелдік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Емдік дене шынықтыру, механотерапия, физиотерапия, логопедия, дефектология, биокерамикалық терапия, тұз бөлмесі және т.б. қарастырылған. Сегіз орталықтың әрқайсысында арнайы мамандар дайындалған. Бұл әр баламен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Орталықтарда балалар 30-дан астам арнайы қызмет түрін тегін ала алады.

Жамбыл ауданындағы оңалту орталығының ашылуына облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, аудан әкімі Бағдат Әлиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязов, білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова, аудандық орталық аурухананың директоры Дамир Сұраужанов қатысты.

Форумда Ұзынағаш ауылының тұрғыны, көп балалы ана Жанат Айтхан сөйледі. Ол паралич болған кіші ұлының осы тегін оңалту орталығының арқасында қажетті ем алуына жағдай жасалғанын айтты. Қиын жағдайда қалған ата-аналар үшін бұл үлкен қолдау екенін тілге тиек етіп, зор алғысын жеткізді.

ДЦП-мен ауыратын балаларды оңалту орталығы аудандық орталық аурухана базасында құрылған, оған жергілікті бюджеттен 72,1 млн. теңге бөлінді. Орталық жылына 600 бала қабылдай алады, Қор арнайы оқытқан мұндағы 30 маман қажетті қызметтерді көрсетеді. Осындай 4 орталықты алдағы уақытта Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле аудандарында ашу жоспарланған. Талдықорған қаласындағы №27 орта мектеп пен Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы Алтынсарин атындағы мектеп базасында қосымша инклюзивтік бағыттағы 2 ресурстық кабинет ашылған.

Атап өтсек, облыстағы жалпы білім беретін мектептерде 6 инклюзивті кабинет бар, соның 4-еуі «Дара» қорының, 1-еуі «Казинтерсервис» компаниясының қолдауымен ашылған (Жамбыл, Қарасай (2), Сарқан, Еңбекшіқазақ аудандары). Коррекциялық кабинеттерді ағымдағы жөндеуге және материалдық-техникалық базаларын нығайту үшін «Дара» қорынын 55 млн. теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен 45 штаттық бірлік берілді.  «Болашақ» қорымен бірлесіп Талдықорғандағы №7 мектепте аутизммен сырқаттанған балалар үшін инклюзивті кабинет ашылып, 10 штаттық бірлік берілді. Сол сияқты бүгінгі күні Талғар, Панфилов, Алакөл, Іле, Еңбекшіқазақ, Кеген аудандарында, Талдықорған қаласында 7 психолого-медико-педагогикалық консультация, Ақсу, Алакөл, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қаратал, Қарасай, Кербұлақ, Сарқан, Талғар, Ұйғыр аудандарында, Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалаларында 19 психолого-педагогикалық коррекция кабинеттері жұмыс істейді. Оған қоса биылғы оқу жылында 468 (61,1%) жалпы білім беретін мектепте, 167 балабақшада ерекше күтімді қажет ететін балаларды оқытуға жағдай жасалды.

 Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.