
Келесі жылдан бастап Алматы облысы әкімінің журналистерге арналған "Самғау" сыйлығына белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің құрметіне арнайы номинация қосылады. Бұл туралы бүгін биылғы жылдың жеңімпаздарын марапаттау кезінде айтылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шара өңір журналистері туралы бейнеролик көрсетуден басталды. Ролик биылғы жылы өмірден өткен Бейсен Құранбек, Ғалым Жазылбеков, Гүлжиян Сүлейменова сынды журналистерді бір минут үнсіздікпен еске алумен аяқталды.
Марапаттау салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли облыс әкімінің тапсырмасымен келесі жылдан бастап "Самғау" конкурсына Бейсен Құранбектің құрметіне 12-ші номинация қосылатынын айтты. Сол сияқты облыс басшылығы тарапынан тілшілер қауымының жұмыс істеуіне мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасалып отырғанын тілге тиек етті.
- Құрметті журналистер, облыс әкімінің атынан осы залға жиналған баршаңызды Тәуелсіздік күнімен және облыстық конкурста жүлдегер болуларыңызбен құттықтаймын. Қоғам үшін атқарып жүрген еңбектеріңізге рахмет айта отырып, алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілеймін , - деді Р.Әли.
Биылғы жылы конкурсқа қатысуға 11 номинация бойынша 118 өтініш түскен. Әр номинацияда 3 жеңімпаздан анықталды. Ал «Облыс журналистикасына қосқан үлесі үшін" номинациясында 1 жүлдегер белгіленіп, ол "Спорт" газетінің Алматы облысындағы тілшісі, журналистика ардагері Мәулетхан Ақсанға берілді.
Байқау өтіп келе жатқан 3 жылдың ішінде конкурста 600-дей өтініш қаралып, 81 номинант анықталған.
Атап айтқанда, биылғы жылы «Үздік журналист» ретінде "Айқын" газетінің облыстағы меншікті тілшісі Болат Абаған марапатталса, «Үздік тележурналист» - "Жетісу" телеарнасының редакторы Сания Байтарова, «Үздік оператор» - "Жетісу" телеарнасының операторы Шалқар Құсайынов, «Үздік фотограф» - «Заман жаршысы» газетінің фототілшісі, «Үздік желілік басылым» Karasayinfo.kz деп танылды.
Алматы облысының тыныс-тіршілігі туралы материалдары үшін республикалық БАҚ журналистері де марапатқа ие болды. Олардың арасында «Егемен Қазақстан» газетінен Қалмаханбет Мұхаметқали, «Казахстанская правда» газетінен Әсет Калымов, «Алтын Орда» ақпараттық порталынан Серік Малеев бар.
Сол қатарда баспа басылымдарының дизайнерлері, монтажерлар, блогерлер мен аудандық, қалалық басылымдардың журналистері де болды.
Олардың әрқайсысына арнайы статуэткалар, дипломдар мен 200-ден 500 мыңға дейінгі ақшалай сертификаттар берілді.
Лауреаттар атынан Мәулетхан Ақсан, Шалқар Құсайынов, Айнұр Төлеу сөз сөйлеп, тілшілер қауымына жасалып отырған мүмкіндіктер үшін ризашылықтарын білдірді.
Атап өтсек, Алматы облысында өткен жылмен салыстырғанда өңірлік БАҚ-ты қаржыландыру 25% өсіп, Журналистер үйінің материалдық-техникалық жабдықталуы жақсартылды. Қазіргі кезде облыстық "Жетісу" телеарнасы цифрлы форматта 87 станса арқылы облыстың барлық елді мекендерін 100% қамтып отыр. Заманауи студиялар жабдықталып, іске қосылды, олардың ең үлкенінің алаңы 600 шаршы метр болады. Журналистердің біліктілігін көтеру, тәжірибе алмасуға да көп көңіл бөлінеді. Облыс әкімдігінің тікелей қатысуымен облыстық және республикалық БАҚ өкілдері үшін Германия, Сингапур, Латвия, Грузия, Украина, Татарстан сияқты бірқатар елдерде блог-турлар ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде түрлі елдердің БАҚ өкілдері арасында екі жақты байланыстарды дамытуға мүмкіндік берді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.