
Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына келді. Сапар барысында облыс басшысы бірқатар маңызды нысандар мен әлеуетті жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
А. Баталов алдымен «Империя Фуд» ЖШС-ның ет комбинаты құрылысының барысымен танысты. «Империя Фут» серіктестігі былтырдан бері инвестиция көлемі 2,3 млрд. теңгені құрайтын ет өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Бұл жобаның қуаттылығы жылына 8 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы болмақ. Зауытқа дейін инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 80,1 млн. теңге бөлінген. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Серіктестік бұған дейін инвестициялық құны 1,4 млрд. теңгені құраған мал бордақылау алаңын 2014 жылы салған болатын. Бүгінгі күні мұнда 2700-ге жуық бас мал семіртілуде. Жыл басынан бері 55 тоннаға жуық ет өткізілген. Ресми делегация бұл нысанда да болды.
Мұнан кейін облыс әкімі А. Баталов Қасымбек ауылындағы «Тексан Қазақстан Инвест» ЖШС жарық-электр техникаларын және металл бұйымдарын шығаратын зауытына атбасын тіреді. Зауыт 2012 жылдан бері жұмыс істейді.
Бас директоры Диас Құрмашевтің айтуынша, зауытта светодиодты шырақтардың 350-ден астам түрі шығарылады. Олардың қатарында кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған шамдар да бар. Сонымен қатар парталар, көшеге, саябақтарға арналған орындықтар, кеңсе сейфтері жəне басқа да бұйымдар шығарады. Зауыт айына 200 мың бірлік өнім шығарып отыр. Бұл еліміздегі нарық сұранысының 70 %-ын қамтып отыр. Зауыттың өнімдері таяу шетелдерге, сонымен қатар Парсы шығанағы мен Латын Америкасына экспортталады. 2016 жылы Дубай мен Панама қалаларында филиалдары ашылған. Өндірілген өнімдегі қазақстандық мазмұн 92% құрайды. Жыл сайын зауыттың техникалық жарақтандырылуына 500 млн. теңге инвестиция тартылады. Зауытта 220 жұмысшы бар. Облыс басшысы А. Баталов осындай сапалы дүниелерді Талдықорған қаласын көркейту жұмыстарына қолдануды қарастыруды орынбасары А. Байжановқа тапсырды.
Жамбыл ауданындағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Алматы Сұңқар құс фабрикасы» ЖШС. Жобалық құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын зауыт нарықта 2012 жылдан бері еңбек етуде. 2016 жылы мұнда 42,4 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Биылғы жылы 80 млн. дана, 2018 жылы 130 млн. дана жұмыртқа өндіру жоспарланған. 750 млн. теңгеге фабрикада кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтар мен құс басы сатып алынды. Мұнда жұмыс істейтін 80 адамның ең төменгі жалақысы 172 мың теңге. Бұл туралы облыс басшысына фабрика директоры Дмитрий Чалых баяндады. Амандық Баталов жұмысшыларына жағдай жасап, барлық заңнамалар талаптарына сай жұмыс істеп отырған осындай кəсіпорындар басқаларға үлгі бола алатынын айтты.
Бақ өсіру ісі Жамбыл ауданында жанданып келеді. Мәселен, «Green farm» шаруа қожалығы биылдан бастап үш жыл ішінде 220 мың дана жаңғақ ағашының «Чандлер», «Франкет» сортты көшеттерін 800 гектар аумаққа отырғызуды көздеп отыр. Жобаның алғашқы кезеңіндегі инвестиция көлемі 1,8 млрд. теңгені құрайды. «Жуырда 200 гектарға 40 мың көшет ектік. Бақтың 400 гектарына тамшылатып суару әдісін қолданатын боламыз. Ол үшін қазіргі кезде 2 ұңғыма бұрғыланып, француз технологиясы бойынша су жинау үшін 5 мың текше метрлік екі бассейннің құрылысы аяқталды. Жалпы бір ағаштан алғашқы 4-5 жылда 5 килограмнан, одан кейінгі 10-11 жылда 180 келіге дейін өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз», - деді шаруашылық басшысы Махмет Мимикенов. Облыс əкімі Мимикеновтер отбасының бұл игі бастамасына «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау шараларын қарастыруды облыстық кəсіпкерлік жəне ИИД басқармасының басшысы М. Мұратқа тапсырды.
Сапар барысында су жəне газға арналған полиэтилен құбырларын, фланцтер, фитингтер шығаратын «Plast invest» зауытының цехтарында болып, жұмыс барысымен танысты. Зауыт өткен жылдың 9 айында 1912,6 млн. теңгенің өнімін өндірген.
Сүт өндірісі де облыс әкімі А. Баталовтың назарынан тыс қалған жоқ. Қарақыстақ ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығының 600 басқа арналған сүт кешені өнімді еңбек етуде. Оның жобалық құны 1 млрд. 780 млн. теңгені құрайды. Сүт кешеніне Украинадан 300 бас асыл тұқымды сиыр сатып әкелінген. Кешен жылына 6 тонна сүт шығаратын қуаттылыққа ие.
Кешен директоры Талғат Естібековтің айтуынша, алдағы уақытта сүт өңдейтін зауыт, салу жоспарланып отыр. Ол үшін арнайы жер бөлініп, құжаттары дайындалған. Сөйтіп өз өнімдерін өздері өңдеуге мүмкіндік жасалмақ.
Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапарының соңында облыс басшысы Ұзынағаш ауылының егжей-тегжейлі жоспарымен танысты.
Сөзінің қорытындысында Амандық Баталов:
- Жамбыл ауданы жер бедері жағынан да, климаты жағынан да ауыл шаруашылығы бойынша кластер құруға өте қолайлы аймақ. Бүгінгі көрген «Империя Фуд» ЖШС-ның айналасында ет кластерін құру керек. Шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктірудің базасында осындай іргелі, жаңа технологиямен жұмыс істейтін, сапалы өнім шығаратын, техникалық жағынан қамтамасыз етілген кəсіпорындар болса, өнімін өткізу, тасымалдау жағынан шаруаларға да қолайлы болар еді. Жалпы отандық кəсіпорындарды, өз өнімдерімізді қолдау шараларын нығайта түсуіміз керек, - деді.
Осыдан кейін облыс әкімі Амандық Баталов аудандарға жұмыс сапарын Қарасай ауданымен жалғастырды.