
Бүгін облыс әкімінің өкімімен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармалар басқармасына басшы болып тағайындалған Зайда Ілімжанованы ұжымына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар таныстырды. Ж. Омар облыс басшысының талаптарына сәйкес басқарманың алдына әлеуметтік саланы дамытуға қатысты бірнеше міндеттер қойылып отырғанын айтты.
- Әлеуметтік саланың қай кезде де жүгі ауыр. Сондықтан бұл басқарманың жаңа басшысына жүктелетін міндет те жеңіл болмайды. Ең алдымен, азаматтардың жұмыспен қамтылуын басты назарда ұстап, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жұмыс істеу қажет. Екіншіден, басқармаға қарасты 12 мекеменің қызметі ақсамауы тиіс. Үшіншіден, мүгедек жандарды қоғамдық ортаға тарту, жұмысқа орналасуына ықпал ету, оларға кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы істі жетілдіру керек. Сонымен қатар, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық шараларын да ұмытпауға тиіспіз, - деп атап өтті Ж. Омар.
З. Ілімжанова өзіне артылған жауапкершілікті ұжыммен бірлесіп абыроймен атқаратынына сендірді.
ТАҒАЙЫНДАУ
Алматы облысы әкімінің өкімімен Ілімжанова Зайда Әбдімананқызы Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Зайда Әбдімананқызы ІЛІМЖАНОВА
1967 жылы туған. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист, Талдықорған сыртқы заң институтын заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын Талдықорған су құрылысы тресінің инженері болып бастаған. Ұзақ жылдар бойы Алматы облысының салық жүйесі саласында жұмыс істеді. Әр жылдары Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының инспекторы, бөлім бастығы, инспекция бастығының орынбасары, Талдықорған қаласы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, Қаратал аудандық салық комитетінің төрағасы, Алматы облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, Текелі қаласы бойынша салық басқармасының басшысы, Алматы облысы бойынша салық депатраменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарған.
2014 жылдың қараша айынан бері – Ескелді ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы.