
Бүгін Талдықорған қаласындағы «Талдықорған» ипподромында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтуде.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов:
- 9 мамыр – Жеңіс күні - бүгінгі және келер ұрпақ мақтаныш ететін, мәңгі өшпейтін қастерлі мереке. Бұл күн - біздің аталарымыз бен әкелеріміздің қаһармандық ерлігінің, тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегінің жемісі. Жеңімпаз ұрпақтың алдында бізге бейбіт өмір сыйлаған үшін басымызды иеміз, - дей келе, мерекеге орай бірқатар шаралар өткізілгенін тілге тиек етті. Солардың қатарында ұлттық ат спорты ойындарынан жарыс ұйымдастырылып отырғанын айта келе:
- «Ат шаппайды, бап шабады», - деп жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сәйгүліктеріне үміт артып келген барлық атбегілер мен шабандоздарға жеңіс тілеймін, - деді А. Баталов.
Жарысқа республиканың түкпір-түкпірінен жүзден астам жүйрік қатысуда. Бағдарлама бойынша тай жарыс, құнан бәйге, топ бәйге, жорға аттар жарысы және 21 шақырымға аламан бәйге ұйымдастырылды. Сонымен қатар қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту ойындарын да көрермендер ризашылықпен тамашалады.
Аламан бәйгенің 1-орын жүлдегеріне 1,5 млн. теңге ақшалай сыйлық тігілуде. Жалпы жарыстың жүлде қоры - 8 млн. теңге.