
Алматы облысының аудандық орталық ауруханаларына ПТР зертханалар ашылып, оттегі өндіретін станциялар қойылып жатыр. Сондай-ақ өңірде жедел жәрдем көліктері жаңартылып, тұрғындар үйден де сапалы қызмет ала бастады. Осылайша мамандар өзге де дертке шалдыққан жандарға коронавирустың жұғуына жол бермеуде.
Іле аудандық орталық ауруханасында ашылған ПТР зертхана бір күнде мың адамнан коронавирустың бар-жоғын анықтай алады. Бірақ қазір ондай қажеттілік жоқ. Анықтама қажет еткен немесе күдік тудырған тұрғындар ғана келіп сараптама жасатуда. Жас пен жасамысты емханаға сабылтпау үшін дәрігерлер үйге барып қызмет көрсетуде.
Бауыржан Ысқақ, Іле аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
- 65 тен жоғары азаматтардың бәрін үйінен барып тексеріп, анализдерін сол жерден алып, сосын кішкентай сәбилерді үйден консультациясын беріп, тексерулерін алып, жұмыс атқарып жатырмыз. Ауруханада қорғаныш заттар мен дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасақталған.
Бельгиядан әкелінген оттегі станциясы сағатына 19 текше метр оттегі өндіреді. Дәл осы жерден 127 нүктеге тікелей жеткізіледі. Сондай-ақ арнайы оттегі баллондары да толтырылған. Дәл осындай станция Алматы облысындағы барлық аудандық ауруханаларға орнатылып жатыр.
Жалпы, Алматы облысында 10 зертхана жұмыс істеп тұр. Тәулігіне бес мың сараптама жасауға қауқарлы.
"Qazaqstan" телеарнасының сюжеті бойынша
https://qazaqstan.tv/news/134515/