Отан қорғаушылар күні аталып өтілді

Отан қорғаушылар күні аталып өтілді

Бүгін Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Салтанатты жиында облыс әкімі Амандық Баталов жетісулықтар мен әскерилер қауымын мерекемен құттықтады.

 

Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі А. Баталов:

 

- Құрметті Отан қорғаушылар, облыс тұрғындары!  Сіздерді 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күнімен, Қазақстанның Қарулы Күштерінің 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды сақтауға, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қастерлі Отанымызға қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осынау перзенттік парызды әскери адамдар адал атқаруға тиіс! Сонда ғана біз арманымызға жетіп, Мәңгілік Ел бола аламыз», – деп атап көрсеткен болатын. Бар ғұмырын Отанын қорғауға арнап, қызметін мінсіз атқарып жүрген әскери қызметкерлерге алғыс білдіреміз. Еліміздің тыныштығын сақтау жолындағы жауапты қызметтеріңіз табысты болсын! – деп тілегін білдірді.

 

Мұнан соң облыс әкімі Талдықорған әскери гарнизонының әскери қызметкерлері Елордамыз – Астана қаласында өтетін әскери шеруге қатысатынын тілге тиек етіп, Отан қорғаушы аға буынға қарата ізгі ниетін жеткізді:

 

- Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін және осы бейбіт күнге жету жолында өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың барлығын да құттықтаймын! Сіздердің ерен ерліктеріңіз пен батырлықтарыңыз әрдайым патриотизмнің, Отанды сүюдің, елге мінсіз қызмет етудің үлгісі болып қала бермек. Баршаңызға мықты денсаулық, бейбіт өмір тілеймін! Бақытты ұрпақ ашық аспан астында береке-бірлікте өмір сүре берсін! – деді А. Баталов.

 

Салтанатты шарада облыс басшысы әскери қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар тапсырды.

 

Мінбеге көтеріліп әріптестерін құттықтаған Талдықорған әскери гарнизонының штаб бастығы, подполковник Жанат Ермұханов та әскери гарнизонның әскерилерін марапаттады. 

 

Салтанат концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Мерекелік шара қаланың орталық саябағындағы Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қоюдан басталғанын атап өту керек.