
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр - Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мамыр айында қанаттаса келетін бұл қос мерекенің өскелең ұрпаққа қайрат беретін патриоттық рухы, қаһармандық қажыры ерекше. Және Отан қорғаудың жанкешті үлгісін көрсеткен даңқты ардагерлерімізді құрметтеп, шынайы ризашылығымызды білдіруге тағы бір мүмкіндік беретін маңызды мейрам.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек», - деген болатын. Расында да майдан даласында оқ пен оттың ортасында қан кешкен аға ұрпақтың жанкешті ерлігінің, ерлермен бірге иығына түскен ауырпалық жүгін қайыспай көтерген тылдағы әйел азаматтар мен жасөспірімдердің тынымсыз еңбегінің арқасында Жеңіс жалауы желбірегенін біз ешқашан ұмытпаймыз. Батырлықпен қоса бірлік пен бауырмалдықтың да Жеңіске жетудегі үлесі орасан. Осы құндылықтар бүгінгі бейбіт күнде де барлық жетістіктеріміздің негізгі тірегі болуда. Президентіміздің салиқалы саясаты мен ел бірлігінің арқасында қазақстандықтар Тәуелсіз мемлекетіміздің тұтастығы мен халқымыздың жарастығын қамтамасыз етіп келеді.
Кешегі майдангерлердің бүгінгі ұрпағы - бейбіт заманның сақшылары ел шетінде, мемлекет қауіпсіздігінде кірпік ілмей күзетте тұр. Осы жас ұрпақты Отанын сүюге баулу, елі мен жерінің адал патриоттары етіп өсіру жолында қос мерекенің де берер тәлімі мол.
Құрметті жерлестер!
Бізге ашық аспан, бейбіт ғұмыр, жарқын болашақ сыйлаған соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің - аға ұрпақтың алдында әрқашан басымызды иеміз!
Әрдайым еліміз тыныш, заманымыз бейбіт, аспанымыз ашық болсын! Баршаңызға зор денсаулық, өнімді еңбек, толайым табыс, берекелі ғұмыр тілеймін!