Бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен келген «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев облыстық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген мәжілісін өткізді. Жиынға облыс әкімі Амандық Баталов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Тимур Құлыбаев Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті дамыту туралы тапсырмасын орындау барысында билік органдары мен кәсіпкерлердің арасындағы әріптестік байланыстың, өзара диалогтың маңызы зор екенін атап өтті. Бұл тұрғыда Алматы облысында оң үрдіс қалыптасқанын, кәсіпкерлерге барынша қолдау көретіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар өз сөзінде салық заңанамасын жетілдіру, мемлекеттік сатып алуда отандық, соның ішінде өңірдегі тауар өндірушілерді қолдау шаралары және басқа да өзекті мәселелер туралы кеңінен қамтыды.
Жиында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігінің іске асырылу барысына қысқаша тоқталып, алдағы уақытта даму әлеуеті зор салаларды да атап өтті.
- Біздің облыс аграрлық өңір болғандықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында атқарылатын іс көп. Оның ішінде қант қызылшасын, соя, жеміс-жидек және басқа да өнімдерді өңдеу ісіне кәсіпкерлер атсалысса құба құп көреміз. Бүгінгі күні диқандардың техникамен, сапалы тұқыммен қамтылуына көмек көрсетіп, оларды субсидия беру арқылы қолдап отырмыз. Сонымен қатар туризмді жан-жақты дамытуға бағытталған шаралар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта да Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмыс істейтін боламыз. Ең бастысы оның игілігін халық көреді, - деді А. Баталов.
Мұнан соң облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Чинкисбаева бір жылда атқарған жұмыстары туралы қысқаша баяндап берді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау, мемлекеттік сатып алудағы тендерге дейінгі және тендерден кейінгі жағдайды бақылау нәтижелері және жұмысты жетілдіру бағытына тоқталды.
Жиында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарына толыққанды жауап алды.
Жиынды қорытындылаған Т.Құлыбаев заң аясында жұмыс істеп, салығын дер кезінде төлеп, тұрғындарға жұмыс беріп отырған, әлеуметтік жауапкершілік міндетін тиянақты атқарып отырған кәсіпкерлердің имиджін көтеру, оларды жастарға, қоғамға үлгі етіп көрсету, оларға жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта жұмыс жасалып жатқанын, дегенмен әлі де одан әрі жетілдірілетінін айтты.
Айта кету керек, басқосудан бұрын облыс әкімі Амандық Баталовтың бастауымен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев «Талдықорған» индустриалды аймағында, Ескелді ауданындағы «Нам Г.Н.» шаруа қожалығында және қаладағы «Жастар» мәдени-демалыс саябағында болды.