
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Еліміз Тәуелсіздік жылдарында әлемге татулықтың туын биік ұстаған, берекесімен беделі артқан, тұрақтылығымен талай белесті бағындырған бейбітшіліктің бесігі ретінде танылды. Сан ұлт пен ұлыстың құтты қонысына, мерейлі мекеніне айналған Қазақстан бүгінде жаңғыру мен жаңару кезеңдеріне қадам басып келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мықты, әрі жауапкершілігі жоғары, Біртұтас ұлт болу мақсатындағы қадамдарымызды, қоғамдық сананы өзгертудің жолдарын айқындап берді. Халықтың рухани жаңғыруы мен эволюциялық дамуы - қоғамдық тұтақтылық жағдайында ғана қол жеткізе алатын құндылықтар. Сондықтан саяси және экономикалық реформалардың, ұлттық жаңғыру үрдістерінің қай-қайсысында да ел бірлігі, халықтың тұтастығы тірек болуда.
Елбасының «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру туралы тапсырмасы - Отанға деген шынайы пейіл мен шексіз құрметті айқындайтын айтулы бастама. Өйткені береке-бірлік, ынтымақ пен татулықтың астарында патриотизм, туған жерге деген жанашырлық, елін сүюдің өнегелі қасиеттері жатыр.
«Ынтымақ – бұзылмайтын қорған» деген тәмсілді бабаларымыз бекер айтпаса керек. Бейбіт өмірді бағалай білетін еліміз Президентіміздің басшылығымен әлі талай асулардан асып, биіктерді бағындыратынына сенімдіміз.
Жетісу жұртшылығына амандық-саулық, жасампаз еңбек, жарқын болашақ, бейбіт өмір тілеймін! Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын, ағайын!