Талдықорған қаласының даму жоспарын талқылау жалғасты

Талдықорған қаласының даму жоспарын талқылау жалғасты

Талдықорған қаласында жылыту қазандықтарын газға ауыстыруға, апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын басқа пәтерлерге көшіруге, коттедж қалашығын жарықтандырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, білім нысандарының құрылыстары мен жөндеу жұмыстарына және 2021 жылға жоспарланған басқа да маңызды шараларға тиісті қаржы бөлінеді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың алдында қала әкімдігінің 2021 жылғы жоспарлары туралы берген есебінде айтылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін облыс әкімі аудан, қала әкімдерінің тыңдауын өткізген кезде Талдықорған қаласының әкімдігіне 2021 жылдың жоспарын толықтырып, екінші мәрте көрсетуді тапсырған болатын. Соған сәйкес облыс әкімдігі ғимаратында бас жоспарға сәйкес қаланың даму жоспарын көрнекі стенд ретінде ұсынған қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов алдымен оңтүстіктен кіре беріс аймақтың, жаңа шағын аудандардың дамытылу жайына тоқталды. Оның айтуынша, 8-ші шағын ауданда құрылыс жұмыстары басталған. Осы ауданда салынатын үйлердің құрылысына қаржы қажет. Бұл жерде салынатын 1200 орындық мектептің құжаттамасы әзір, тек құрылысына керекті қаржы бөлу мәселесі өзекті болып тұр. Осы тұста облыс әкімі мектептің құрылысын жергілікті бюджетпен қатар, қаржыландырудың басқа да нұсқаларын қарастырып көруді тапсырды. Сол сияқты 8-ші шағын аудандағы көп қабатты тұрғын үйлердің жоба бойынша орналасуы бір-біріне жақын, сондықтан араларын алшақтатып, орналасу ретін өзгерту керектігі ескертілді. Балабақшаның орны белгіленген жекеменшікке тиесілі жер учаскесін иесінен сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен бұл мәселені шешуді қала әкімдігінің созбаққа салғанын Амандық Баталов сынға алды.

- Жаңа шағын аудандарда әлеуметтік нысандардың құрылысы тұрғын үйлердің құрылысымен қатар жүруі керек. Жаңа шағын аудандардың тұрғындары балаларымызды тәрбиелеуге, оқуға қайда береміз деп бас қатырмауы керек. Ал сендер балабақшаның мәселесін әлі шеше алмай жүрсіңдер. Желтоқсанның соңына дейін балабақша салатын жердің қалай шешілгенін маған айтатын болыңдар, - деді А. Баталов.

Сондай-ақ облыс басшысы қаланың кіреберісін, 7 шағын ауданды абаттандыру, көгалдандыру, түрлі шағын архитектуралық формалармен әрлеу, аулаларды жасау ісі де шабан жүріп жатқанын қадап айтты. «Осы мәселелерде маған нақты ұсыныстар мен жобаларыңды әлі көрсеткен жоқсыңдар», - деп ескертті А. Баталов.

Сонымен қатар Өтенай, Ынтымақ, 3-бөлімше, Жастар - 1, Жастар - 2, Жастар – 3, Еңбек, Плодопитомник сияқты қала маңындағы тұрғын аудандардың инженерлік инфрақұрылымдарын жүргізуге бағытталған, қаржыны қажет ететін бірқатар жобалар көрсетіліп, оларға тиісті қаражат қарастырылатын болды. «Жаңа тұрғын аудандардың жолдарына асфальт төсейік, жарығын орнатайық, суын тартайық дегенді ең алдымен өздерің ойлап, бізге ұсынуларың керек. сол жерде тұратын халықтың қиналмай өмір сүруіне жағдай жасау - бірінші кезектегі міндетіміз», - деді А. Баталов.  Осы ретте Ғ. Әбдірайымов Жастар – 1/1 тұрғын ауданындағы 14 үйдің су таратқыштың үстіне салынғаны анықталғанын айтып, сол үйлерді сатып алуға қаржы сұрады. Облыс әкімі қалалық сәулет және басқа да тиісті бөлімдерінің жұмысын сын тезіне алып, бұл кемшіліктің қала басшылығы тарапынан қатаң бақылаудың жоқтығынан орын алғанын, оған жол бергені үшін тиісті лауазымды адамдардың жауап беретінін айтты.

- Жер учаскелерін таратпай тұрып, алдымен жол салып, қажетті инфрақұрылымдарды жүргізіп алу керек деп үнемі айтып келемін. Содан кейін ғана жерлерді халыққа беру керек. Олай жасамағаннан кейін үйлер де қалай болса солай, кез келген жерге салынады, содан барып осындай кемшіліктер туындап отыр. Жұмысты жоспарлайтын, жүйелейтін, бақылайтын орган ретінде жұмыс істемесе онда қала әкімдігі не үшін керек?! – деді А. Баталов.

Осы есеп беру жиынында айтылғандай, Талдықорғанда жалпы саны 103 апатты пәтер бар. Олардың жалпы алаңы 4 мың шаршы метрден астам, онда 254 адам тұрады. Бұл үйлер Кивилев, Абылай хан, Шевченко көшелері мен Подхоз 1-бөлімшесінде орналасқан. Оларды сүру және тұрғындарына басқа баспана сатып алып беру мәселелерін шешуге бюджеттен 5,2 млрд. теңге қажет. Облыс әкімі бұл жұмыстарды бірнеше кезеңге бөліп, атқаруды тапсырды.

Тағы бір жаңалық – цифрландыру талабы бойынша «Жетісусуқұбыры» мекемесінде өндірістік процестерді автоматтандыру жұмыстары жүргізілмек. Бұл өз кезегінде ресурсты үнемдеуге, ысырапты болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл жобаны жүзеге асыруға 1,2 млрд. теңге қарастырылмақ. Оған қоса «Шығыс» шағын ауданындағы және Дарабоз ана көшесіндегі жылыту қазандықтары газға көшіріледі. Бұл жобаларды да облыс әкімі тұрғындар үшін қажетті жоба деп тапты. Алдағы жылы 300 млн. теңгеге Қаратал өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіледі. Инфекциялық аурухананың алды, Аквапарк пен бассейн маңы, Қадырғали Жалаири ескерткішінен АКЛ-ға дейінгі аралықтағы 3 шақырым жол бойы абаттандырылады, Ә.Әлімжанов көшесінде арық жүйелері жасалады, коттедж қалашығы көшелерінің 25 шақырымы жарықтандырып, 110  бейнебақылау камерасы орнатылады. Осы ретте облыс әкімі коттедж қалашығында КСК құру қажеттігін айтты. «Ол КСК қалашық тұрғындарының жылу, жарық және басқа да қажеттіліктерінде туындаған түрлі қиындықтарды жергілікті жерде бақылап, ретімен шешіп отыратын штаб ретінде жұмыс істеуі керек. Қажет болса, КСК-ны ұстауға қаржы бөлеміз. Бұл коттедж қалашығы республикада үлгі етіп көрсететіндей деңгейде болуы тиіс», - деді А. Баталов.

2021 жылы қаланың қажеттілігіне сатып алу жоспарланған 38 техниканың 34-і «Көркейту», 4-еуі «Талдықорғанжылусервис» мекемесіне беріледі. Облыс әкімі облыс орталығының техникалық базасын жаңарту бастамасын толық қуаттайтынын айтты.

2021 жылы қалада білім саласында 11 жобаны іске асыру межеленген. Соның 8-і – жаңа құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты. Атап айтқанда, 8-ші шағын ауданда және Ынтымақ ауылында 1200 орындық екі мектеп салынып, Қаратал өзенінің оң жағалауына 150 орындық ІТ лицей тұрғызылады. Сол сияқты балалар лагерінің құрылысын жүргізу жоспарда бар. № 8, 6 мектептер мен № 1, 6 балабақшалар күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа кейіпке енбек. Оған қоса коттедж қалашығында 900 орындық мектептің құрылысы мен № 2, 18 мектептерді күрделі жөндеуден өткізудің құжаттамаларын әзірлеуге де қаржылай қолдау сұралды.  

- Бүгінгі көрсетіп, баяндаған жобаларыңның ішінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, білім салалары бойынша айтылған жобалар анық, түсінікті, нақты, олардың бәріне қолдау көрсетіледі. Ал жалпы қаланы дамытудың басқа жоспарлары толыққанды емес, әлі де нақтылау керек. Жоспарларыңда логикалық үйлесім, сараптамалық көзбен қарау жағы жетіспейді. Облыс орталығы атына сай деңгейде өсіп-өркендеуі керек. Сондықтан барлық жобаларды айқын, нақты сызып, толықтырып, маған жаңа жылдан кейін тағы да көрсететін боласыңдар, - деді А. Баталов.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.