
Заманына қарай адамы. Бүгінгі кезең – білімдінікі. Көп тіл білу – басқалардың озық жетістіктерін қабылдау арқылы зерденің ашықтығын мойындату. Сондықтан, кәсіби байланыс тілі болып саналатын ағылшын тілін үйрену – уақыт талабы. Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында болашақтың негізі білім аудиторияларында қаланатыны жайлы айтылған.
Бұл орайда Елбасы: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деген еді. Ендеше, Ұлт Көшбасшысы айтқан Ұлттық аударма бюросын ашу баршаның көңілінен шығуда. Аталмыш бағдарлама арқылы білімгерлерімізге жаңаша білім бере бастаймыз. Даярлаған мамандарымыз жаһандық бәсекеге бейімделіп шығады. Шет тілін меңгеру – заманды және болашақты терең түсіне алатын білімділер тәрбиелеуге негіз болмақ. Өзіңе қатысты дүниелер шетелде қалай жүзеге асырылған, оның тиімдісі қайсы, тиімсізі қайсы бажайлай алатын боласың. Біржақты ойлаудан құтыласың. Шынын айту керек, әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жыл бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп келді. Енді тілмен бірге көзқарасымыз да жетіле түседі. Уақыт ағымына сай жаңадан келетін технологияларды меңгеруге дайын тұратын боламыз. Осы жағдайлар ағылшын тілін жаппай және жедел үйренуіміз керектігін байқатады. Мақалада таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз, жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгеретіні айтылған. Ендеше, тіл білу арқылы көкейкесті мәселелерімізді ешкімнің көмегінсіз-ақ шешуге негіз қаланады. Жеті жұрттың тілін білу арқылы жеті түрлі білім алуға талпынайық.
Гүлнұр ТІЛЕГЕНОВА,
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік
университетінің ағылшын тілі мұғалімі
**************
Түп-тамырға назар салу, бабатектің қасиетін қастерлеу, ұлт болмысындағы прагматизмдік құндылықтарды алға шығару, сол арқылы сананың сілкінісі – рухани жаңғыруға қол жеткізу – бір мақаланың көтерген тақырыбы десе сенесіз бе? Бұл Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тоқталған жайттың бір парасы ғана.
Мақалада ұлттың рухани жаңғыруының негізгі тетіктері аталып өтіліп, ел бүйрегінде бүлкілдеп тұрған түрлі сауалдың жауабы ұсынылған. Соның ішінде Мемлекет басшысының: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деп атап көрсетеді.
Осы ретте, тарлан тарихтың басып өткен ұзына-ұзақ жолына қарасаңыз да елді бүгінге мақала авторы айтқан санада берік сақталған ұлттық кодтың, қазақы өзгеше жадтың жетелеп әкелгенін байқайсыз. Оны адамның қолы да, уақыттың өзі де өшіре алмауы керек. Тиісінше, түрленіп, түлеп отыруы тиіс. Елбасы мұнымен қатар, жаңғыру атаулының бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға керектігін ескертеді.
Міне, мұның бәрі шын мәнінде де елдің ертеңі – жарқын болашағы үшін істелуі керек тың міндеттер деуге болады. Осы арқылы болашаққа деген бағдарымыз анағұрлым айқындала түспек.
Жамал Баймадиева,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы
жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы