
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы болашақтың айқын жолына бағытталған. Мақалада «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді», – деген жолдар бар. Міне, осы тұрғыда біздің атқаратын және атқарып келе жатқан жұмыс жетерлік. Мәселен, ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, оның кемелденуіне жағдай жасау керектігі айтылады. Мысалға спорттық салада да ұлтымыздың айбарын асыратын мәселелер көп.
Оның бірі төл өнеріміз - ұлттық спорттық ойындар. Бұған дейін де бұл сала өз бағытымен жүріп келеді десек, Елбасының көрсеткен бағдарынан кейін өзінің өміршеңдігін айқындап, қоғамда ауқымы кеңи түсетіні анық. Ал «Туған жер», «Туған жерге туыңды тік» деген міндеттері әр азаматтың бойтұмары болу керек деп есептеймін. Қазақстанның әрбір азаматының кіндігі ауылмен байланысты. Осы ретте туған жерге деген ерекше көзқарас танытып, үнемі байланысты үзбеу керектігін айтып отыр. Туған ауыл, өскен жеріңе жасаған жақсылығың туған Отаныңа істеген игі ісің екені анық. Осы арқылы біздер патриотизмді қалыптастырып, елдің дамуына өз үлесімізді қоса аламыз. Бұл тұрғыда облысымызда ауыз толтырып айтатын істер атқарылды. Мысалы, әркез жүрегі ел деп соққан, жаны жомарт жанның бірі Бауыржан Оспанов Жыланды, Лепсі ауылында спорт интернатын ашып, жастардың шыңдалып шығуына жағдай жасап отырса, Сарқан қаласында Е. Қожасбаевтар спорттық мектепті жөндеуден өткізіп, жас чемпиондарға мүмкіндік туғызуда. Үнемі ауылмен байланыс жасап, қолдауын үзбеген азаматтар әлі де талай істі атқаратыны сөзсіз. Міне, Елбасы осындай азаматтарды елге насихаттап, болашақта қатарын көбейтуді және осындай ұлық істі атқаруға сіздің де, менің де атсалысуымызды меңзеп отыр. Бұл біздің басты міндетіміз бен парызымыз болу керек. Ұлттық сананы жаңғырту арқылы ұлтқа қызмет етеміз.
Тұратбек Шарапиев,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.
***********
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елімізді жаңа қырынан танытуға баса көңіл бөлінген. Онда 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастау қажеттілігі айтылған.
Осыған байланысты мақалада: «Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. Жыл аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» делінген.
Жалпы, латын әліпбиіне көшу – жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім деп ойлаймын. Бұл біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпынуымызды, алға жылжып, дамыған елдердің қатарынан орын алуымызға зор мүмкіндік. Сонымен бірге, бұл осыған дейін Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдіру туралы идеялармен байланысты болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, латын әліпбиіне көшу еліміз, ұрпағымыз үшін өте маңызды. Сондықтан бұл өте дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын.
Жандос Нұрғазинов,
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ
облыстық филиалының бас менеджері