
Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов америкалық компанияның құрылтайшысы - «Tuscarora International» жобасының жетекшісі Энн Эллисонмен кездесті. Кездесу барысында соя өңдеу ісіне америкалық заманауи технологияны қолдану мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қонақтарға ықыласын білдіре отырып, Амандық Баталов Алматы облысының экономикалық дамуы жайлы қысқаша айтып берді. Облыс аграрлық аймақ болғанымен, өңірде өндірістің өркендеуіне байланысты аграрлық-индустриалды бағытқа бет бұрғанын атап өтті. Облыста қант қызылшасы, жүгері, арпа өсіруге басымдық беріледі. Бұл ретте өңірде республикадағы соя алқабының 95 проценті Алматы облысында. Сондықтан өңірде соя өңдеуді қарқынды дамыту мәселесі өзекті.
«Соя негізінен шикізат ретінде экспортқа шығарылады. Дегенмен соя өңдеумен айналысатын кәсіпорындар да бар. Жаңа технологияларға, тереңнен өңдеуге қатысты жақсы ұсыныстарыңыз болса, біз қарастыруға дайынбыз», - деді А.Баталов.
Жылы қабылдау үшін ризашылық білдірген Энн Эллисон өзі жетекшілік ететін жобаны АҚШ-тың ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландырып отырғанын айтты. Бұл жобаның мақсаты – соя өңдеуде бүгінгі күні қандай технологиялар қолданылатынын, ғылым мен бизнестің арасында қандай байланыс барын, сояға қажеттілік бар ма жоқ па, бар болса сұранысты қалай өтеуге болатынын зерттеу.
«Осы жобаның аясында біз өңірде іскерлік байланыс орнатып, оны дамытуды қалаймыз. Жалпы соя азық-түлікке қоспа ретінде де, мал азығын дайындауда да пайдаланылады. Сондықтан осы өңірде соя өңдеудегі жаңа технологияға деген қажеттілік бар ма, соны білсек дейміз», - деді америкалық компания өкілі.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевтің айтуынша, талқыланған мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыру үшін соя өңдеумен айналысатын кәсіпорындар мен бизнес қауымдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізу керек.
Кездесуді қорытындылаған Амандық Баталов бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты: «Меморандум жасасуымыз керек. Жаңа технологиялар тартудың болашағы үлкен, сондықтан бұл іспен түбегейлі айналысуымыз керек», - деген А. Баталов Энн Эллисонның Жетісу өңіріне келіп, өз ұсыныстарын жеткізгені үшін алғысын білдірді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.