Болашаққа бағдарланған жұмыс

Болашаққа бағдарланған жұмыс

Сарқан ауданында экономиканың барлық салаларын қамтитын 3 жылдық даму жоспары жасалған. Онда агроөнеркәсіптік кешенге, туризм мен инвестиция салуға негізгі басымдық берілген. Бұл туралы өткен сенбіде өткен облыс әкімінің аудан, қалаларды тыңдауында айтылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбековтің айтуынша,   бірқатар  инвестжобалар межеленіп отыр. Мәселен, Черкасск ауылдық округі Қарғалы ауылында 2021 жылы «AZIA GOLD» ЖШС-ның дәрілік шөптер өндіретін кәсіпорнын ашу жоспарланған. Жобалық құны – 442,7 млн. теңге, 35 жаңа жұмыс орнын құрады. Тағы бір ірі жоба Амангелді ауылдық округіндегі Екіаша ауылында «Jetisy Beef» ЖШС-ның жобасы жүзеге асырылады, жоба шеңберінде 2022 жылы 10 мың басқа арналған 3 бордақылау алаңын ашу көзделген. Инвестор –  «Tyson Food» компаниясы, онда 150 жұмыс орны құрылмақ. Биылғы жылы Қойлық ауылдық округінде жазғы жайылымда «Арлан» ШҚ 3 мың басқа арналған бордақылау алаңына салуды жоспарлап отыр. Инвестициялық жобалардың қатарында элиталық тұқым шаруашылығы кешенін құру, бірнеше жел және су электр стансалары салу жобалары бар. Туризмнің, әсіресе тау туризмін дамытуға да ерекше көңіл бөлінбек. Соған байланысты жол жөндеу жұмыстарын атқару керек. Бұл мәселеде облыс басшылығы тарапынан қолдау көрсетіледі. Мәселен, бүгінгі күні ауданда 13 экологиялық және мәдени-тарихи туристік маршрут белгіленген.

Алдағы жылдың жобаларын айта келе Т.Қайнарбеков бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Мысалы, ауданда АӨК-ні одан әрі дамыту үшін Тәуке және Ащылыөзек каналдарын күрделі жөндеу қажет, бұл 17 мың га жердегі суармалы жердің сумен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Бірінші кезекте Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының ирригациялық жүйелерін қалпына келтіру керек. Себебі біз ендігі жерде 550 мың тонна тәтті түбір өңдейтін қуаты бар Ақсу қант зауытын шикізатпен қамтуымыз керек. Суармалы жер қаншалықты көп болса, ауыспалы егіс ережесін сақтау мен қант қызылшасының алқабын кеңейту соншалықты жеңіл болады. Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарын республикалық бюджеттің есебінен ғана емес, жергілікті бюджеттен де қаржыландыруымыз керек», - деді А.Баталов. Сарқан ауданына ирригациялық жүйелер үшін қажетті сома бөлу тапсырылды.

Сарқан ауданында тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша да нақты жоспарлар бар. Бұл ретте аудан әкімі аудан орталығында қараусыз қалған автобазаның орнына тұтас тұрғын үй кешенін салуға болатынын тілге тиек етті. Бұл аумақтың алаңы - 5 га. Сол аумақтағы бар үйлерді қалпына келтіріп, жаңа үйлер тұрғызып, олардың бәріне блокты-модульді қазандықтар орнату арқылы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуға болады.

Амандық Баталов аудан әкімінің бұл бастамасын қолдап, алдымен аудан әкіміне аталған аумақтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Қарабөгет, Екіаша, Қарғалы ауылдарында орталықтандырылған ауыз сусыз отырған көшелердің ауыз су мәселесі шешіледі. Сол сияқты Сарқан қаласы тұрғындарын жазда таза сумен қамту үшін картаждық жүйе салу қажеттілігі бар, сонымен қатар жол жөндеу мен арық жүйлерінің құрылысын жүргізу де жоспарда бар. Аудандық аурухананың босаған ғимаратында бір ауысымда 300 адам қабылдайтын емхана ашу үшін және медицина қызметкерлерге арналған жатақхана жасау үшін ағымдағы жөндеу жүргізу қажет. Сонымен бірге аудан орталығында оңалту орталығын ашу, орталық стадион, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пунктін салу жоспарда бар. Оған қоса аудандағы 17 мәдениет үйінің тек 8-і ғана жұмыс істеп тұрғаны айтылды, сол сияқты 12 мектепті күрделі жөндеу қажет.

Барлық айтылған ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастыруды тапсырған Амандық Баталов барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді. Оның айтуынша, аудан әкімі өзінің лауазымдық міндеттеріне осындай сараптамалық сипатта қарағанда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады. 

Жыл қорытындысы бойынша Қапшағай қаласында мақсатты индикаторлар орындалған. Дамудың нақты жоспарлары бар. Олар бірінші кезекте «Арна» индустриалды аймағының әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған. Бүгінде онда 2 кәсіпорын жұмыс істеп тұр: «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС мен «Юнион Продукт» ЖШС, барлығы 20 млрд. теңге инвестиция салынып, 520-дан астам жұмыс орны ашылған. Қазіргі кезде жалпы сомасы 48 млрд. теңге болатын, 1300-ден астам жұмыс орны құрылатын 7 жобаны 2021-2023 жылдарда кезең-кезеңімен іске асыру жоспары дайындалуда. Атап айтқанда, алкогольсіз сусындар өндірісінің желісін іске қосу, «Грин Лэнд Алатау» ЖШС жылыжай кешенін кеңейту, жеміс-жидек пен көкөністерді сублимациялық кептіру жобасы, құрамажем өндіретін агроөнеркәсіптік кешен салу және басқа да жобалар бар. Магистралды желілер жүргізуге ЖСҚ жасауға қаржы қажет. Амандық Баталов тиімді тәсілдерін қарастыра отырып, мәселені шешуді тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе – Шеңгелді массивіндегі ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру. Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың айтуынша, бұл 1760 га суармалы алқаптың суарылу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Осы жерде жалпы облыста Ислам даму банкі арқылы ирригациялық желілерді қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүріп жатқанынын атап өту керек. Облыс әкімі Шеңгелді массивінің әлеуеті өте жоғары екенін еске алып, орынбасары Серік Тұрдалиевке аудан әкімімен және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, оны қалпына келтіру жұмыстарымен нақты айналысуды тапсырды.

Аулаларды, қалалық жағажайларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, мектептерді күрделі жөндеу жалғасады. Апатты үйлерді сүруге, тұрғындарға тұрғын үй сатып алуға қаржы қарастырылады.

Қапшағай қаласында тұрғын үйлер құрылысы, соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша үй салу ісі қарқынды жүреді. Алдағы жылы тұрғын үйлерді пайдалануға беру 36 мың шаршы метрге жеткізіледі деп күтілуде. «Қала әкімі айтқан мәселелердің барлығы да өзекті. Қапшағай қаласының әлеуеті үлкен. Тартылатын инвестицияның көлемін ұлғайтып, өнеркәсіпті дамытуды жалғастыру керек. Қапшағайдың туризмді дамыту мүмкіндігі Алакөлден кем емес. Ішкі туризмді дамыту мақсатында туристік кешендердің деңгейін көтеру керек. Қалада ірі көтерме-тарату кешені салынады. Сондықтан халықтың әл-ауқатын жақсартуға, бизнесті табысты дамытуға барлық мүмкіндік бар, тек жауапкершілікпен тынымсыз жұмыс істеу керек. Біз өз тарапымыздан басқа аудан, қалаларға көресткен қолдау шараларын Қапшағайда да көрсетеміз», - деді А.Баталов сөзінің қорытындысында.

 Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.