Қарасай ауданы биылға белгіленген экономикалық даму көрсеткіштеріне жетіп, жылды толымды жетістіктермен аяқтамақ. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың аудан, қала әкімдерін 2021 жылдың жоспарлары бойынша қабылдауы барысында айтылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өз сөзінде Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев облыс тарапынан қолдауды қажет ететін бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Соның ішінде әлеуметтік салада аудандағы үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін Қошмамбет ауылы мен Қаскелең қаласында жаңа мектептер салу қажеттігін айтты.
Амандық Баталов бұл мәселенің барлық аудандарға да қатысты екенін, мектеп салуды қажет ететін елді мекендердің бәрінде мектептер тұрғызылатынын жеткізді.
«Мектеп салғанда бұрынғы стандартты шешімдерден гөрі, жобаларға жаңаша, креативті тұрғыда қарау керек. Бір қарағаннан-ақ оның оқушыларға да, педагогтарға да барлық жағдайы жасалған заманауи жаңа мектеп екені көрініп тұруы керек. Сондықтан әрбір мектептің жобасымен тыңғылықты жұмыс істеңдер. Сәулетшілермен бірлесіп, бірегей шешімдерді ұсыныңдар», - деді А.Баталов. Сол сияқты аудан басшысының Қаскелең қаласындағы ғимараттың күрделі жөндеуіне, онда алдағы уақытта өнер мектебін ашу ұсынысына қолдау танытты.
Мұнан соң Ж. Далабаев оқушылар тасымалы үшін тағы 17 автобус алуға сұраныс бар екенін айтты. Облыс әкімі бұған да қаржы қарастырып, тағы қай аудандарда мектеп автобустарына қажеттілік бар екенін зерделеуді тиісті басқармаға тапсырды.
Денсаулық сақтау саласында Қаскелең қаласындағы инфекциялық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу, 1 мың келушіге арналған, 200 стационарлық төсегі бар емхана салу қолдау тапты. Тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пунктін салу, жол жөндеу, ауыз су жүйелін жүргізу мен жөндеу, БМҚ салып, көп қабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу ісі де жалғасын табады.
- Жалпы ауданның ұсынған барлық мәселелері шешіліп жатыр. Аудан жылды экономиканың барлық салаларында жақсы көрсеткіштермен аяқтауда. Бұл –халықтың тұрмыс жағдайына оң ықпал ететін басты міндет», - деді сөзін қорытындылаған А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.