Алматы облысының 5 үкіметтік емес ұйымы ҮЕҰ үшін берілетін мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл сыйлық 2017 жылдан бастап республикалық, салалық және өңірлік деңгейде әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қосқан үлесі үшін беріліп келеді. Бұл туралы бүгін «Қоғам және мемлекет: «30 жылдық серіктестік және «Birgemiz» дамуы» атты ІХ азаматтық форумның жабылу салтанаты барысында айтыды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылы республика бойынша 25 бағытта 38 жеңімпаз таңдалған, соның 5-еуі – Алматы облысының ҮЕҰ-сы. Мәселен, «Халықты жұмыспен қамтуға ықпал ету» бағыты бойынша «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ-ның Арман Махатов басқаратын «Талдықорған» корпоративтік қорының еңбегі еленді. «Мәдениет пен өнерді дамыту» бағытында Жамал Окаева жетекшілік жасайтын «Ұйғыр ауданының мүмкіндігі шектеулі мүгедектері» ҚБ жеңімпаз атанды, «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту» аталымында - «Балкария» Алматы облыстық балқар этномәдени бірлестігі», жетекшісі - Исмаил Тилов және Дарья Ярополова басшылық ететін Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық қоры, «Білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт» бойынша - Тажғали Ходжамуратов жетекшілік жасайтын «Жігер-М» мүгедек спортшылардың федерациясы» үздік деп танылды. Жеңімпаздардың әрқайсысына 1 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейінгі көлемде мемлекеттік сыйлықтар берілді.
Марапатты тапсырған облыс әкімі Амандық Баталов қоғамдық ұйымдардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ерекше рөлін атап өтіп, барша ҮЕҰ-ға азаматтық белсенділігі мен елжандылықтары үшін алғысын білдірді. Амандық Баталов қоғамдық жұмысты өз отандастарына, еліне бар пейілімен пайдасын тигізуді мақсат еткен азаматтар ғана атқара алатынын тілге тиек етті.
Қоғамдық ұйымдар атынан Алматы облысының Азаматтық Альянсының президенті Жанар Нұрмұханова сөйлеп, барлық жеңімпаздарға тілегін білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.