Туындаған мәселелерді шешуге қолдау көрсетіледі

Туындаған мәселелерді шешуге қолдау көрсетіледі

Келесі жылдың наурыз айында Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың аудан, қала әкімдерінің келесі жылғы жоспарларын тыңдауы барысында айтылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тыңдалымның екінші бөлігі Ақсу ауданының баяндамасынан басталды. Негізгі хабарламаны аудан әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев жасады. Оның айтуынша, қазіргі кезде Ақсу қант зауытына 90 мыңдай тонна қант қызылшасы қабылданып, 60 мың тоннасы өңдеуден өткен, одан 8 мың тонна қант алынды. Шикізаттың қанттылығы шамамен 13,7 процентті құрайды. Зауытта өңдеу жұмысы жалғасып жатыр.  

Ауданға әлеуметтік нысандарды, соның ішінде мектеп, мәдениет үйі, ФАП-тар, саябақтар құрылыстарына қаржылай қолдау қажет. Бірқатар көп пәтерлі үйлердің маңайын абаттандыру керек, сол сияқты Жансүгіров ауылындағы лоток-арық жүйелері жөндеуді қажет етеді. Аудандағы ішкі жолдарды жөндеу жұмысы да жалғастырылмақ. Бұл мақсатқа биылғы жылы 800 млн. теңге бөлінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 428 млн. теңге болған.  Мал қорымдарын салу ісі де өзекті. Аудан орталығында кітапхана және ХҚО салуға ЖСҚ жасауға қаржы қажет.

Мал қорымдарының мәселесі бірқатар аудандарда өзекті болғандықтан Амандық Баталов бұл мәселені барлық аудандарда бірден кезең-кезеңімен шешуді тапсырды. ФАП-тар да барлық аудандарда типтік жоба бойынша салынбақ.

Облыс әкімі «Қапал-Арасан» курортын қалпына келтіру жөніндегі ұсынысты қолдады. Курорт іске қосылған жағдайда жылына 3,5 мың мүгедек жанды оңалтуға мүмкіндік жасалады. Амандық Баталов ауданда апатты үйлерде тұратын тұрғындарды көшіру мен баспанамен қамту мәселесін шешуге міндетті түрде ақша бөлуді тапсырды. Сол сияқты «Жетісу» ӘКК арқылы ауданда дәнді дақылдар бойынша тағы 1 сервистік-дайындау орталығын құрып, қажетті техникамен қамту керектігін айтты.

Кербұлақ ауданының бұдан әрі даму жоспары туралы аудан әкімі Махаббат Бигелдиев айтып берді.

Мәселен, ауданда бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске қосу көзделген. Солардың қатарында жалпы құны 25 млрд. теңге болатын, 600 жаңа жұмыс орнын құратын «Кәусар Агро» ЖШС-ның бройлер етін өндіретін құс фабрикасының, құны 27 млрд. теңгелік, 37 жұмыс орнын құратын Көктал өзенінде қуаты 50мГвт су электр стансасының құрылыстары жоспарланып отыр. Етті және сүтті мал шаруашылығын дамытуда да бірқатар жобалар бар. Яғни мал бордақылау алаңдары мен сүт фермаларын құру, ірі қара мал санын арттыру басым бағыт болмақ.

 Қолдауды қажет ететін мәселелерде аудан әкімі барлық саланы қамтыды.  Әсіресе Кербұлақ ауданын табиғи газбен қамту түйінді мәселелер қатарында. Жоспар бойынша ауданға газ келесі жылдың наурыз айында жеткізілуі тиіс. Көп пәтерлі және жеке тұрғын үйлердегі құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға, инженерлік инфрақұрылымдар жүргізуге, сол сияқты бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхананың және орталық стадионның құрылыстарына қаржы қажет. Амандық Баталов емхананың құрылысына қолдау көрсетілетінін айтты, ал стадион құрылысының жобасын толық өзгерту керек. Сол сияқты тұрғын үй-коммуналдық салада басқа да бірқатар мәселелер бар. Сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту мен көшелерді жарықтандыруға қаржы кезең-кезеңімен бөлінеді. Сондай-ақ 24 отбасы тұратын Сарыбұлақ ауылының электрмен қамтылуы да шешімін таппақ. Жол жөндеу жұмыстары да жалғасады. Тек соңғы екі жылдың өзінде ауданда 88 көше жөнделген. Спорт алаңдарын салуды инвесторлар тарта отырып жүргізу ұсынылды. Сонымен бірге білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары да жүргізілетін болады.

Қаратал ауданының өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 млрд. 415 млн. теңгені құраған, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3 млрд. теңгеге жетеді. Ауыл шаруашылығы да алға жылжып, бұл салада 29 млрд. теңгеден астам соманың өнімі өндірілген. Жалпы аудан экономикасына 10 айда 6 млрд. 680 млн. теңге инвестиция тартылған. Шағын және орта бизнес саласында өндірілген өнім көлемі 16 млрд. 859 млн теңгеге жетіп, 101 процентті құрады.

Аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаевтың айтуынша, тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымдар жүргізудің құжаттарын әзірлеу мен құрылысын салу жұмыстарына, Үштөбе қаласында мектепке жапсаржай қосуға, Ортатөбе ауылындағы мектептің құрылысына қаржылай қолдау керек. Елді мекендерді абаттандыру, сапалы ауыз сумен қамту ісі де жалғасын табады.

Көксу ауданында биылғы жылы 470 бас ірі қараға арналған 3 мал бордақылау алаңы іске қосылды. Ал 2021 жылы агроөнеркәсіпте бірқатар жобалар межеленген. Солардың ішінде «Каримов» ЖК-ның 450 басқа арналған жаңа тауарлы сүт фермасын іске қосу, қуаттылығы жылына 2,2 мың тонна сүт өндіруге жететін «Жолтабаров» ЖК-ның 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы жоспарда бар, сол сияқты «Айдос» ШҚ-ның бір мезгілде 2 мың бас ірі қара ұстайтын бордақылау алаңы салынуда, нысан алдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылады.

Өнеркәсіп те табысты болды. Мәселен, Көксу қант зауыты 140 млн. теңге инвестицияға қамыс қантын шығаратын жабдық орнатты. Жалпы 2021 жылы өнеркәсіп өнімінің болжамды көлемі - 18 млрд. теңге, ал тартылған инвестиция көлемі шамамен 15 млрд. теңге болмақ.

 Өзекті мәселелерге келсек, бұл қатарда ауыз сумен қамтуды атап өтуге болады. Оны шешу үшін Мұқыры өзенінде сужинағыш салып, жалпы ұзындығы 196 км болатын 37 дренаждық каналдың барлығына механикалық тазарту жүргізу қажет. Сол сияқты Ақшатоған, Еңбекшіқазақ, Қаратал, Жетіжал, Жамбыл, Ақтекше, Бесқайнар, Кеңарал және басқа да бірқатар ауылдарда ФАП пен медпункттер салу жоспарланған.

Ескелді ауданына келсек, мұнда да ауыл шаруашылығының жетістіктері көңіл қуантады. Мәселен, биылғы жылдың соңына дейін жалпы өнім көлемі 35 млрд. теңгеден асты. 10 айдың ішінде ауданда 2210 жаңа жұмыс орны құрылған. Аудан экономикасына 13 млрд. 640 млн. теңге инвестиция тартылған.  Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 15 млрд. теңгеге жетеді.

Қазіргі кезде ауданда бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мысалы, Шажа өзенінде қуаты 25,8 МВт болатын ГЭС-2 жобасын атауға болады. Құны 97 млн. теңгелік «Тек Тау» ЖШС балды қаптау мен өткізу цехы, жобалық құны 90 млн. теңгелік, 25 жаңа жұмыс орнын құратын «Лито Микс» ЖШС-ның құрылысқа арналған құрғақ қоспа өндіретін цехы, «Дүйсенбинов» ШҚ-ның құны 50 млн. теңгелік  мал бордақылау алаңы іске қосылды.

2021 жылға да межеленген жобалар баршылық. Соның ішінде Қора және Көксу өзендерінде жалпы қуаты 82 МВт 2 СЭС, «Қайнар-АКБ» ЖШС-ның гипсокартон және гипстық материалдар шығаратын шағын зауыты, 400 басқа арналған, айына 360 тонна қаймағы алынбаған сүт сауылатын СТФ, 10 га жерге тамшылатып суару жүйесін енгізе отырып, алма бақ отырғызу жобалар бар.

Елді мекендерді абаттандыруға қолдау қажет. Соның ішінде ескірген жарық шамдарын ауыстыру, көщелерді жөндеу жұмыстары  жоспарланған. 7 мектептің, Байысов ауылындағы балабақшаның, 3 ауылдық дәрігерлік амбулаторияның, 2 мәдениет үйінің күрделі жөндеуіне құжаттама дайындауға да қаржы сұралды. Сонымен қатар Қарабұлақ ауылында сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстарын атқару да облыс басшысы тарапынан қолдау тапты.

Тыңдаудың бірінші күні қорытындыланып, сөз сөйлеген аудан әкімдеріне кезекте тұрған азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспанамен қамту ісіне зор көңіл бөлу тапсырылды. Айтылған барлық мәселелер бақылауға алынбақ.

 Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.