
Алматы облысында 8 сәуір күні ұйымдастырылған «Таза сенбілік» облыстық шарасына өңір бойынша 463 мың адам қатысып, 540 арнайы техника тартылған, арық жүйелері, көшелер, аулалар тазаланып, жалпы көлемі 9 700 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Бұл туралы бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың төрағалығымен аудан-қалалардың басшыларымен өткізілген селекторлық жиында белгілі болды.
Биылғы жылдың 15 наурызында басталған санитарлық тазалық, абаттандыру мен көгалдандырудың көктемгі-күзгі екіайлығы аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы мәселе қаралған басқосуда негізгі баяндаманы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов жасады.Баяндамашының айтуынша, сенбілік шарасына облыс халқы белсенді қатысып, тазалық шаралары ұйымдасқан түрде өткізілді. Тазалық екіайлығын өткізу жөніндегі штаб мүшелерінің аудан, қалаларға алдын ала жасаған зерделеу жұмыстары барысында біраз кемшіліктер анықталған. Олардың қатарында тазалық екіайлығы өтетіні туралы халықты құлақтандырудың кемшіндігі, шеткі көшелердің тазалығына үстірт қарау, белгіленбеген орындарға қоқыс төгу сияқты олқылықтар бар. Осы және өзге де айтылған ескертулер бойынша жұмыс істеу барысы жайлы барлық аудан-қалалардың әкімдері мен орынбасарлары қысқаша есеп беріп, елді мекендердегі арық тазалау, ағаш егу, автокөлік жолының маңайын, ауыл ішін тазарту шаралары, тазалық сақтау тәртібін бұзған азаматтарға әкімшілік шара қолдану және т.б. атқарылған шаралар туралы айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов тазалық екіайлығын барынша ыждаһатты өткізу қажеттігін ескертті:
- Санитарлық тазалық шарасы жыл бойы үздіксіз жүруі тиіс. Ал алдағы белгіленген тазалық екіайлығына біз ерекше екпін түсіріп отырмыз. Облыс әкімі А. Баталовтың қырағы қадағалауындағы бұл шарада штаб мүшелері аса белсенді жұмыс істеуі тиіс. Аудан, қалалардағы «Жасыл ел» жасағы, жергілікті полиция қызметі, мемлекеттік мекемелер, бұқаралық ақпарат құралдары – барлығы да шарадан тыс қалмай, атсалысуы керек. Тазалық – әркімнің өз ауласынан, табалдырығынан басталады. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауылын таза ұстауға, көркейтуге үлес қосуы керек. Осы істі ұйымдастыру, жүйелі жұмыс істеу – сіздердің міндеттеріңіз, - деп атап өтті А. Байжанов.
Штаб мүшелерінің қатысуымен алдағы уақытта осындай селекторлық кеңестер тұрақты өтіп, тазалық шаралары туралы ақпарат жиі талқыланып тұратын болады.