
Облыс тұрғынының «Алматы-Өскемен» тас жолының Алғабас ауылы маңындағы бөлігін су шаюы туралы әлеуметтік желіде жарияланып, БАҚ-тарда көшіріліп басылған бейне жазбасына қатысты «ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаев төмендегідей түсініктеме берді.
«Алматы-Өскемен» тас жолының аталған тұсына «СК Құлагер» ЖШС мердігер мекемесі кепілдендірілген қызмет көрсетеді. Су шайған еңіс тұстың нақты мекенжайы «Алматы-
Өскемен» тас жолының Мұқыры өзенінің көпірінен өткеннен кейінгі 224 шақырымы (жолдың сол жақ беті). Оған қардың жылдам еруі себеп болған.
Н.Ақылтаев, «ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары:
- Су шайған еңіс тұс жол қатынасына қауіп төндірмейді. Себебі ол аумағы 3,75 метрді құрайтын жолдың жиегіне жетпеген. Су шайған тұстан автомобиль жолының жиегін дейінгі аралық 4,80 метрді құрайды.
Н.Ақылтаев бүгінгі сағат 16.00-дегі жағдай бойынша жоғарыда аталған маңдағы су шайған жер суды бұрып ағызу лотоктарын орнату арқылы қалпына келтірілгенін айтты. Оның айтуынша, бұл жұмыстарға 2 жүк түсіргіш көлігі, 1 экскаватор және 1 жүк тиегіш техника жұмылдырылды. Су шайған тұсты «СК Құлагер» ЖШС мердігер мекемесі кепілдендірілген қызмет көрсету келісіміне сәйкес өз қаражаты есебінен қалпына келтірді.
Сондай-ақ бүгін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жолды қалпына келтіру жұмыстарының сапасын облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов арнайы барып, тексеріп қайтты.