Ресейде ЭКСПО-2017 ресми билет кассалары ашылды

Ресейде ЭКСПО-2017 ресми билет кассалары ашылды

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі басталудан үш ай бұрын Ресей Федерациясында осы іс-шара билеттерін сату басталды. Сатуды бастау салтанаты Көрменің ресми билет операторының  кассаларында – Мәскеуде және Санкт-Петерборда өтті.

 

Енді Ресей азаматтары билеттерге Көрменің ресми сайты арқылы тапсырыс беріп қана қоймай, сондай-ақ оларды өз елінің ірі қалаларындағы кассаларда тікелей сатып ала алады. Қазірдің өзінде билеттерді Мәскеуде, Санкт-Петерборда, Қазанда, Нижний Новгородта, Екатеринборда, Новосібірде, Сочиде сатып алуға болады.

 

Ресей Көрмеге белсене қатыса отырып, оның 100-ден астам іс-шарасын бірлесіп ұйымдастырушы болмақ. Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Ресейдің шекара маңындағы облыстарымен және Татарстан Республикасымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

 

Ресейлік экспозиция ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең ірі экспозициялардың бірі болады. Іскерлік бағдарламаның басты тақырыбы - «Жаһандық энергетикалық теңгерім».