Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Райымбек ауданына жұмыс сапарымен барып, сапар барысында құрылысы жүріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі жұмыстармен танысып, аудан әкімдігінде өңір активімен және ауыл ақсақалдарымен кездесті, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешені биылғы жылдың соңына қарай аяқталуы тиіс. Алаңы 4257 шаршы метрді құрайтын кешенді «Фуд МС» компаниясы салуда. Құрылыс жұмыстарына қазір 87 адам тартылған. Облыс әкімі аралау барысында құрылысты жылдам жасаймыз деп, сапасын ақсатып алмауды қатаң тапсырды. Сапасы жағынан еуропалық стандарттан кем болмауы тиіс екенін айтты. Сыртқы абаттандыру жоспарымен танысып, қолданылатын материалдарын көріп, аздаған сын-ескертпелерін айтты.
Еске салсақ, биылғы жылы облыс бойынша 9 спорт нысананың құрылысы жүруде, соның 5-еуі – дене шынықтыру-сауықтыру кешендері. Солардың қатарында Райымбек ауданындағы аталған кешен де бар.
Мұнан соң Амандық Баталов аудан әкімдігінде аймақ активімен және ақсақалдармен жүздесті. Кездесу барысында Елбасы шешімінің арқасында аудан қайта құрылып, қазір екінші тынысы ашылғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа көп қолдау көрсетіп отырғанын, халықтың тынымсыз еңбегінің арқасында облыс бюджетінің жылдан жылға арта түскенін, соның арқасында Райымбек ауданын көркейтуге де мол мүмкіндік жасалып отырғанын айтты.
- Мен жыл сайын жыл соңында аудан, қала әкімдерін шақырып, ауданға қай салаға қандай көмек керек деп сұрап отырамын. Өзім келген кезде көріп, көңіліме түйгендерім бар, аудан әкімінің ұсыныстары бар, солардың бәрін қорытып, шекаралық аймақты одан әрі дамытуда бірқатар жоспарлар жасадық. Картоптың егістік аумағы қазір ауданда 6 мың гектарға жетті. Өнімнің сапасы да артты. Мал шаруашылығының да әлеуеті зор. Сондықтан ауданды жан-жақты дамытуды үнемі назарымыздан тыс қалдырмаймыз, - деді А. Баталов.
Жиында ауданның Құрметті азаматы, ардагер Мақсат Әшімбаев үш ауылды суару жүйесімен қамтып отырған, бұрын 2 мың гектар жерді суаруға қауқары жететін Дарат каналы қазір ары кетсе 200-300 га жерді суаруға шамасы жететінін айтты. Сондықтан осы каналдың, сол сияқты басқа да екі-үш суару желілерін жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары дайын тұрғанын жеткізіп, осының құрылысына қолдау көрсетуді сұрады.
Облыс әкімі Амандық Баталов бұл маңызды ұсыныстың келесі жылдың бюджетіне енгізілетінін айтты.
Жалпы Райымбек ауданын дамытуға тұрақты көңіл бөлініп келеді. Атап өтсек, бүгінге дейін Райымбек ауданында 1,6 млрд. теңгеге 7 ауылдағы 65 шақырым жол жөндеуден өтті. Аудан орталығы Нарынқол ауылында жалпы ұзындығы 31,5 шақырым болатын көшелерге 795 млн. теңгеге асфальт төселді. 8 тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттері салынды. 2019 жылы Жамбыл, Қақпақ ауылдарынан дәрігерлік амбулаториялар тұрғызылып, пайдалануға берілді. Биыл 1,1 млрд. теңгеге Қызылшекара, Жамбыл, Қақпақ ауылдарында ауылда ауыз су жүйесі жасалуда. Алдағы уақытта тағы 7 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылатын болады, олардың жобалық-сметалық құжаттары дайын. 2018 жылдан бері 4 мектеп пен 2 балабақшаға күрделі жөндеу жасалды. Тағы 3 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаты дайын.
Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда, әсіресе, картоп өсіру ісі жақсы жолға қойылды. Облыс қаражаты есебінен 28 бірлік трактор және 111 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары, 236 тонна голландиялық «Сантэ» және «Агрия» картоп тұқымдары сатып алынды. Осы инвестициялық жобаның аясында 4 сервистік-дайындау орталығы құрылды. Соның нәтижесінде картопты әр гектарынан 300 центнерден өнім алуға қол жеткізілді. Келер жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын өткізу жоспарда бар. Осы орайда Қарасаз ауылындағы мәдениет үйіне, Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің айтуынша ауданды одан әрі ілгерілету жұмысы мұнымен тоқтамай, одан әрі жалғаса бермек.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі