
Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтауы
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді 8 Наурыз – көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Халықаралық әйелдер күні - нәзіктік пен сұлулықтың, әсемдіктің қайталанбас мейрамы. Бұл күн алақаны аялы аналарға, ардақты жұбайымызға, қыздарымыз бен құрбыларымызға, апаларымыз бен қарындастарымызға, әріптестеріміз бен достарымызға – баршаларыңызға шынайы ризашылығымызды білдіруге тағы бір тамаша себеп болып отыр.
Сіздер ошақтың отын маздатып, отбасының берекесін кіргізе жүріп, қоғамның барлық салаларында жемісті еңбек етіп келесіздер, экономика мен бизнесте, білім мен денсаулық сақтауда, мәдениет пен спортта зор жетістіктерге ие болдыңыздар. Сіздердің бастамашыл, ақылды, мейірімді де қамқор қасиеттеріңіздің арқасында еліміздің, соның ішінде өңірдің дамуына бағытталған маңызды идеялар мен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Күнделікті тынымсыз еңбектеріңіз, белсенді өмір ұстанымдарыңыз, іскерлік іздеріңіз Алматы облысының жеткен жетістіктерінде, даму жолында сайрап жатыр.
Аяулы аналар, әпке-қарындастар!
Осынау тіршілікте сіздердің бар болғандарыңыз үшін, мейірім шапағатын төгетін, үнемі қолдау көрсететін қастерлі қасиеттеріңіз үшін сіздерге зор алғыс айтамыз.
Шуақты мереке жүректеріңізді көктемнің жылылығы мен гүлдердің хош иісіне толтырып, сіздерге қуаныш пен бақыт сыйласын. Көңіл түкпіріндегі таудай тілек, асқақ армандарыңыз орындалсын.
Сіздерге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл, шынайы махаббат, отбасылық бақыт тілеймін!