Әлеуметтік саланың басым бағыттары таныстырылды

Әлеуметтік саланың басым бағыттары таныстырылды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовқа әлеуметтік сала басқармаларының басшылары биылғы жылдың бірінші кезектегі міндеттері туралы баяндады. Әр басқарма өздері әзірлеген көрнекіліктер негізінде жоспарларын түсіндіріп берді. Презентацияда негізгі мәселе – сапалық көрсеткіштерді қалай көтереміз, келесі жылы қай бағытқа басымдық беріледі деген мәселе айқын талданды.

 

Өз кезегінде облыстық ішкі саясат басқармасы өзінің жұмыс істеу жүйесінде түгелдей жаңа технологияға сүйенбек. Түрлі іс-шараларды өткізуден бастап мемлекеттік саясатты насихаттауда ақпарат таратудың тың тәсілін қолданғалы отыр. Сонымен қатар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын насихаттау бағытында халықаралық БАҚ-тармен байланыс орнатуды және нығайтуды көздеуде.

 

Презентация барысында облыс әкімі А. Баталов білім саласына ерекше назар аударды. Мәселен, білім сапасын жақсарту туралы негізгі міндеттеріне қоса дуальді оқыту жүйесін енгізу жұмыстарын күшейту тапсырылды. Кәсіби оқытуда да кемшіліктермен жұмыс істеу керек, себебі ол кемшіліктердің салдары бітірушілердің жұмысқа орналасу ісіне залалын тигізеді. Облыс әкімі қандай мамандықтарға сұраныс бар екенін зерделеп, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауды нығырлап тапсырды. 

 

Медициналық қызмет көрсету саласына да жаңа леп керек. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы жылдан жылға еселеп өсіп келе жатқанына, мекемелер озық үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталғанына қарамастан медициналық қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпейді, сондықтан бұл бағытта белсенді жұмыс істеу қажет.

 

Бұл орайда облыс әкімі А. Баталов денсаулық сақтау саласы басым бағыттардың бірі бола беретінін жеткізді. Медицина мамандары өз кезегінде Іле ауданына жаңа перзентхана керек екенін айтты. Бұл ұсыныс облыс әкімі тарапынан бірден қолдау тапты. Сонымен қатар дәрігерлерді шетелдерге біліктілігін көтеруге жіберуге қосымша қаржы бөлінетін болды.

 

Мәдениет басқармасы да жаңа жоспарын ұсынды. Облыстағы шығармашылық байқаулар мен фестивальдарды халықаралық жоғары деңгейге жеткізу көзделген. Жастар саясаты басқармасы жастардың бос уақыттарын ұйымдастыру ісіне басымдық беріп отыр. Облыстық дін істері жөніндегі басқармамен бірлесе отырып жұмыс істеуге ден қоймақ.

 

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған жұмысын одан әрі жағастырады. 

 

Бұл жиында басқа да әлеуметтік мәселелердің шешімі қарастырылды.  Биылғы жылы халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеруге күш салынбақ. Мәселен, 2011-2016 жылдары 9,9 млрд. теңге микрокредит бөлінсе, оның 85 %-і – ауыл шаруашылығына, 4%-і – өндіріске, 11%-і – қызмет көрсету саласына берілген. Соның нәтижесінде 3,5 мың жұмыс орны құрылды. Алайда облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарының осал екенін атап өтті. Сондықтан облыста арнайы кәсіпкерлік жәрмеңкелер өткізілетін болады. 

 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов:

 

- Осылай бірлесіп, ақылдасып, туындаған мәселелерді талқылап шешу арқылы жұмыс істеуіміз керек. Жаңа форматтағы бүгінгі кездесу соған қозғау салды деп ойлаймын. Ұсынылған жоспарлардың нәтижесі ұзақ күттірмейді деп сенемін, - деді.