
2030 жылға қарай Алматы облысында жаңартылған энергия көздері (ЖЭК) нысандарының үлесін 60 %-ке дейін ұлғайту жоспарланған. Қазіргі кезде өңірде жалпы қуаты 896,315 МВт болатын ЖЭК-тің 29 нысаны бар, соның 18-і - су электр стансасы, 6-уы - жел электр стансасы және 5-еуі - күн электр стансасы, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне қарағанда, тек өткен жылдың өзінде жалпы белгіленген қуаты 18 МВт болатын 4 жел электр стансасы және Қапшағай қаласында жалпы қуаты 100,415 МВт болатын екі күн электр стансасы іске қосылған. Сол қатарда «Nurgisa 100 МВт Solar Park Qapshagai» күн электр стансасы да бар. Электр стансаларының жобалық құны 27,7 млрд. теңге, соның 10,4 млрд. теңгесі - инвестиция. Облыстық бюджеттен «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 220 кВ жоғары вольтты желінің құрылысы 233 млн. теңгеге қаржыландырылды. Күн электр стансасының 1-ші кезегі 274 га жерде орналастырылған, ал жалпы алаңы - 400 га. КЭС 303 мың күн панельдерінен тұрады, толық іске қосылғанда жалпы қуаты 150 МВТ жететін болады.
Сол сияқты жуырда ғана қуаты 3 МВт «Қапшағай» және қуаты 4,95 МВт «Сарыбұлақ» КЭС-тары іске кірісті. «Хевел» компаниялар тобының құрылымы жаңа нысандардың инвесторлары мен бас мердігері болды. Екі КЭС-тің жылдық болжамды өндірісі 14,1 млн. кВт/сағ. құрап, бұл өз кезегінде 7,5 мың тонна СО2 шығарындысын ауаға шығаруға жол бермеуге ықпал етеді. Барлық өндірілген электр энергиясы еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне жіберіледі.
Сонымен бірге Ескелді ауданындағы Шажа өзенінде белгіленген қуаты 25,8 МВт болатын СЭС-2 және Қаратал ауданында жалпы белгіленген қуаты 4,95 МВт СЭС іске қосылады. Бұл екі СЭС биылғы жылдың ІV тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Жел электр стансаларына келсек, соңғы 4 жылда жалпы белгіленген қуаты 27 МВт болатын 6 жел электр стансасы іске қосылды.
Жалпы облыстағы электр энергиясын тұтыну 3,9 млрд. кВт/сағ. құрайды. Соның ішінде өзіміз өндіретін - 2,1 млрд. кВт/сағ. Ал осы қатарда жаңартылған энергия көздерінің үлесі жалпы өндіріс көлеміне шаққанда 588,620 млн. кВт/сағ. құрап отыр. Өзге өңірлерден сатып алу - 1,8 млрд. кВт/сағ. 2030 жылға қарай жаңартылған энергия көздері нысандарының үлесін 60 %-ке жеткізу көзделген.
«Алматы облысының жаңартылған энергия көздерін дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес өзектілендіруден кейін жалпы қуаты 3812,03 МВт болатын жаңартылған энергия көздерінің 76 нысанын (41 СЭС, 1 БиоЭС, 18 КЭС, 16 ЖЭС) пайдалануға беру жоспарланған.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.