Есепті жиын - тұңғыш рет онлайн-көрсетілімде

Есепті жиын - тұңғыш рет онлайн-көрсетілімде

Облыс әкімі Амандық Баталовтың халық алдындағы есеп беру жиыны тұңғыш рет zhetysu.gov.kz ресми сайтында онлайн жүйесінде көрсетілді. Тұрғындар тарапынан жалпы саны 33 сауал, оның 18-і жиын кезінде ауызша, 10-ы жазбаша қойылған. Ал онлайн-көрсетілім кезінде жұмыс істеген Call орталық арқылы 5 сұрақ келіп түскен.

 

Сұрақтардың мазмұндық сипатына назар салсақ, көпшілік әлеуметтік мәселелер, соның ішінде сала нысандарына жөндеу жүргізу, мүгедектерге жағдай жасау, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге ықпал ету туралы сөз қозғады. Сол сияқты елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу, табиғи газ жүргізу, тұрғын үй мәселелеріне қатысты да сауалдар қойылды.

 

Жиын алдында есепке арнайы келген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің бас инспекторы Сағындық Жұмабеков облыс әкімі А. Баталовпен бірге Мәдениет сарайының фойесіне қойылған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы көрмені тамашалады. Кездесуге жалпы саны 600-ге тарта тұрғын қатысты.