Басымдықтар белгілі, жоспарлар айқын

Басымдықтар белгілі, жоспарлар айқын

Бүгін облыс әкімдігінде аудан, қала әкімдері және департаменттер мен басқарма басшыларының қатысуымен өткен жұмыс отырысы кезінде облыс әкімі Амандық Баталов 2017 жылға межеленген жұмыстардың негізгі басымдықтарын белгіледі. Облыс әкімі атап өткеніндей, кездесудің басты мақсаты – 2016-2017 жылдарға арналған атқарылуы тиіс іс-шаралардың кешенді жоспарына сәйкес орындалған жұмыстардың нәтижесін саралап, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы жылғы Жолдауына, конституциялық реформалар мен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларға сәйкес атқарылатын іс-шараларды жүйелендіру.

 

Ағымдағы жылдың бірінші кезектегі орындалуы тиіс тапсырмалардың тірі – Ақсу қант зауытын қайта іске қосу. Бұл өз кезегінде Алматы облысының аумағында қант шаруашылығы саласын дамытуға үлкен септігін тигізбек.

 

- Көктемгі дала жұмыстарына қамданатын уақыт келді. Егін науқаны кезінде жұмыстардың тұралап қалмауы үшін ақпан айының соңына дейін облыстың қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруаларымен меморандумдар жасасуды қолға алыңыздар. Биылғы жылы қант қызылшасы алқаптарының көлемі 9 мың гектарды құрайтын болады. Одан 300 мың тонна қант қызылшасын жинап, нәтижесінде 30 мың тонна дайын қант өнімін алуымыз қажет. Бұл ауқымды әрі тынымсыз еңбекті талап етеді. Сол себепті дайындық жұмыстары уақытылы аяқталуы тиіс. Ақсу қант зауытын іске қосуды басты назарда ұстаңыздар, себебі бұл нысанды іске қоспасақ жоспарлаған межелерімізге қол жеткізе алмаймыз, - деді А. Баталов.

 

Сондай-ақ облыс әкімі қант қызылшасын сақтайтын екі алаң құрылатындығын атап өтті.

 

- Жетісудың мақтанышы «дала аруы» саналатын жүгері дақылын өсіру де назардан тыс қалмауы тиіс. Биылғы жылы оның егістік көлемі 78,6 мың гектарды құрайтын болады. Сонымен қатар жүгері өнімін сұрыптап, кептіріп, сақтауға арналған екі арнайы алаң салынатын болады.

 

Тағы бір негізгі бағыттардың бірі ретінде облыс әкімі облыс орталығы мен жалпы облыс аумағын табиғи газбен қамтамасыз етуді атады. Бұл бағытта облыстық энергетика, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы мен жауапты қызметтердің жұмысты баяу жүргізіп жатқандығын ескертті.

 

- Жұмысты өте баяу жүргізіп жатырсыздар. Істеріңізде ширақтық жоқ. Сіздер Талдықорғанға табиғи газдың нақты қашан келетіндігін дөп басып айтуларыңыз керек. Бұл істің нәтижесі облыс тұрғындары үшін тарихи сәт болары сөзсіз. Елбасы қолдауының арқасында Талдықорған жұртшылығы өмір сүрудің жаңа деңгейіне өтетіндігі белгілі. Ағымдағы жылдың мамыр айында қаланың бірнеше үйін көгілдір отынға қосуымыз керек. Сондықтан да сапалы әрі қарқынды жұмыс істеңіздер, - деді А. Баталов.

 

Сондай-ақ облыс әкімі облыстың барлық елді мекендерінде көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарын ширату керектігін ескертіп өтті. Қапшағай қаласы мен моноқала саналатын Текелі ерекше бақылауда болуы тиіс.

 

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және пайдаға жарату мәселесі де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Өз сөзінде тұрмыстық қалдықтарды жинап, қайта өңдейтін зауыттар салуды тапсырды.

 

- Бұл әсіресе Алматы қаласына жақын орналасқан аудандарда күрделі мәселелердің бірі болып тұр. Әрбір ауданда зауыт тұрғызудың қажеті жоқ, алайда әрбір ауданда қоқыстар мен қалдықтарды сұрыптайтын орталықтардың қажеттілігі анық, - деді А. Баталов.

 

Өнеркәсіп саласы да облыс басшылығының күнделікті назарында.

 

Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне жаңа кәсіпорындарды құру мен кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, «Бизнестің жол картасы 2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу мен салық түсімдерін арттыру күнделікті атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыты болуы қажеттігін белгілеп берді.

 

- Индустриалды аймақтардың құрылысы мен оны дамыту ерекше бақылауларыңызда болуы тиіс. Бұл әсіресе облыс орталығындағы «Талдықорған» және Іле ауданында орналасқан «Береке» индустриалды аймақтарына қатысты. Бүгінгі күні 5 трансұлттық компания облыс аумағында өздерінің ірі кәсіпорындарын ашуға құлшыныс білдіріп отыр. Олардың ішінде германиялық «Бауман ГМБХ және К» компаниясы ұсақ малдың етін өңдейтін кешен, голландиялық «Френч Фриес Компани» компаниясы картоп өнімін өндіру кешенін, ресейлік «Лукойл» компаниясы мен тағы басқа компаниялар өз кәсіпорындарын ашпақшы. Ал бұл өз кезегінде өңір халқының тұрмыс жағдайына оң әсер ететіні сөзсіз, - деп атап өтті Амандық Ғаббасұлы.

 

Әлеуметтік салаға да тиісті көңіл бөлінуі қажет. Бірінші кезекте ағымдағы жылы үш ауысымды мектептер санын толықтай жоюымыз керек, сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін ашу қажет.

 

- Әрбір аудан мен қала әкімінің нақты атқаратын іс-шарасының: биылғы жылы қанша балабақша ашылатындығы және балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту үлесінің қаншалықты өсетіндігі туралы нақты жоспары болуы тиіс. Алдыларыңызға нақты тапсырма қойып, одан елеулі нәтиже шығарыңыздар. Өткен жылы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 87% құрады, ал биылғы жылы осы көрсеткішті 95% жеткізуіміз керек. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға облыстық білім басқармасы тарапынан бақылау жүргізілсін, - деді Амандық Баталов.

 

Облыс әкімі балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше тоқталды.

 

- Өскелең ұрпақ жастайынан салауатты өмір салтына машықтану үшін облыстың әрбір ауданы мен қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеруі тиіс. Сонымен қатар түрлі үйірмелерді ашу қажет. Біз өткен жылы бірнеше аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, ал Талдықорған қаласында балалар үшін тегін жұмыс істейтін әртүрлі үйірмелер мен секциялардан құралған  Оқушылар сарайын пайдалануға берген болатынбыз. Енді осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек. Ұсыныс енгізіңіздер. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті көмекті көрсетуге әзірміз, - деді А.Баталов.

 

Сондай-ақ облыс әкімі А.Баталов Үшарал қаласында жаңа әуежай, сонымен қатар Ақши елді мекенінде теміржол вокзалын, «Талдықорған - Үшарал» және «Талдықорған - Лепсі» автокөлік жолдарының құрылысын жүргізуді ерекше назарда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ мүлікті заңдастыру мәселелері, суару каналдарын қалпына клетіру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару және Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды ескере отырып Алматы облысының пайдаланылатын жерлерінің кешенді картасын жаңарту жұмыстары жайлы да ескертілді.

 

- Облыстың жер картасына екінші рет жан бітіруіміз қажет. Барлық қордаланған мәселелерді, соның ішінде техникалық жағын да қарастырып, бір ретке келтіріңіздер, – деді А. Баталов.

 

Облыс орталығында атқарылуы тиіс бірқатар ірі жобаларды іске асыру жұмыстары да облыс әкімінің сынына ұшырады. Атап айтқанда, жабық жүзу бассейні, «Азаматтарға арналған Үкімет» және екінші музыка мектебі құрылыстары дайындық жұмыстарының баяу жүріп жатқандығы А.Баталовтың шамына тиді. Сондай-ақ өңір әкімі Салтанат сарайы, Көрме кешені мен театр құрылысының сапалы жүргізілуі және белгіленген мерзімде аяқталуы қала басшылығының назарынан қалыс қалмауын тапсырды. Осы тұста жаңа жылу электр стансасының құрылысы мен «Басқуат» қазандығын қалпына келтіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлуді талап етті.

 

Облыс әкімі жиын барысында көктемгі қар еруіне байланысты алдын алу шараларына жер-жерде дайындықты күшейтуді тапсырды.

 

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов өзінің орынбасарларына, басқармалар мен департамент басшыларына, сонымен қатар аудан, қала әкімдеріне жиында аталған ескертулерге байланысты ағымдағы жылға жоспарланған іс-шараларын қайта қарауды тапсырды.

 

- Біз өз жұмысымызды Елбасының Алматы облысына жасаған жұмыс сапарының негізінде берген тапсырмаларына сәйкес 16 бағыт бойынша жүргіземіз. Бірнеше тапсырмалар осы күнде орындалды. Тағы бірнеше тапсырмалардың жүзеге асырылуы аяқталуға жақын, ал қалғандары бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгін біз жақын жылдарда атқарылуы тиіс жұмыстардың басым бағыттарын нақтылап алдық. Мемлекет тарапынан сіздерге барлық қажетті көмек көрсетілуде. Сондықтан баршаңыздың бірінші кезектегі міндеттеріңіз – алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді сапалы әрі уақытында орындап, өнімді еңбек ету, - деп ойын қорытты А.Баталов.