
Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында Алматы облысында 56,2 мың жұмыс орны құрылды, соның 30,1 мыңы – тұрақты жұмыс орыны. Бұл ретте «Жұмыспен қамту жол картасы» өз тиімділігін көрсетті, осы бағдарлама шеңберінде құны 105,6 млрд. теңгелік, 20,9 мың жұмыс орнымен 1051 жоба іске асырылуда. Соның 1,8 мыңы тұрақты жұмыс болса, 10,5 мыңы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы орналастырылған. Бұл жайында бүгін брифингіде Президент Жолдауының өңірде іске асырылуы туралы баяндаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Спикердің айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларының 451-і жоба немесе 43% әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсартуға, 237 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен абаттандыру мәселелерін шешуге бағытталды.
Өңірде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 33 мың жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, бұл мақсатқа 15,7 млрд. теңге қарастырылған.
Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарынан 16,3 мың отбасы жалпы сомасы 6,3 млрд. теңге болатын атаулы әлеуметтік көмек алды. Жалпы сомасы 712,5 млн. теңге болатын кепілді әлеуметтік пакет 19 мың балаға берілді. Жалпы сомасы 15,7 млрд. теңге болатын 42 500 теңге төлемін 368,2 мың адам алды.
Атап өтсек, «Біргеміз», «Біргеміз Жетісу» қорының қаржысы есебінен және демеушілердің көмегімен облыстың 396 мың тұрғынына жалпы сомасы 4,9 млрд. теңге көмек көрсетілді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.