Талдықорғандағы «Қайнар - АКБ» аккумулятор зауытында жоғары технологиялы жаңа желі іске қосылды. Соның арқасында зауыт шығаратын аккумулятор батареяларының саны жылына 2,5 миллионнан 3,3 миллионға артады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жоба «Қайнар - АКБ» мен Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар халықаралық орталығы арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылған.
Мамандардың айтуынша, бұл іске қосылған - озық технология және ол өнім өндіруде ескі автокөліктердің аккумулятор батареяларын жаңартып шығаруға мүмкіндік береді. Аккумулятор корпустарының жаңа модельдері пайдаланылған шикізаттан жасалады, ол италиялық «ИНЖИТЕК» жаңа өндірістік заманауи желісінде өңделіп, өндірістік тазарту фильтрлерінің көмегімен электролит толықтай нейтралдандырылады.
Жаңа технологиялық желі локалды тазарту фильтрлерімен жабдықталғандықтан қоршаған ортаға зиянды әсерін азайтады.
- Бұрын зауыт жылына 2,5 млн. батарея шығарса, барынша автоматтандырылған жаңа желі іске қосылған соң өнім көлемі 3,3, млн. батареяға жетеді. Бұл ретте жаңа желінің қоршаған ортаға шығатын зиянды әсерлерді азайтатынын да атап өту керек. Жалпы зауытта бүгінгі күні 1200 адам жұмыс істейді, - дейді зауыттың бас директоры Серікбай Әжмағамбетов.
Еске салсақ, отандық аккумулятор батареяларын өндіруші «Қайнар-АКБ» зауыты өз өнімдерін ТМД елдеріне, Еуропа мен Қытайға экспорттап отыр. Биылғы жылы зауыт өзінің географиялық кеңістігін ұлғайтып, БАӘ мен Италия нарығына шықты. Өткен жылы зауытта 2,5 млн. аккумулятор шығарылса, соның 1,5 млн. данасы экспортталған. Биылғы жылдың 10 айында 2 млн. дана аккумулятор өндіріліп, оның 1,3 миллионы экспортқа шығарылды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.