Алматы облысында өңір халқына жедел медициналық көмек көрсету үшін биылғы жылы 180 жедел жәрдем көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен стапы алынды. Соның нәтижесінде облыстағы санитарлық автокөлік 80%-ға жаңартылды. Жедел жәрдем бригадасы 165-тен 205-ке арттырылды. Заман талабына сай жабдықталған арнайы көліктердің бір легінің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов табыстады, - Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шарада сөз сөйлеген Амандық Баталов өңірде атқарылып жатқан індетпен күрес шаралары туралы баяндады:
- Елбасының тапсырмасына сәйкес және Президенттің Жолдауда жүктелген міндеттерін орындау мақсатында өңірде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыруға қажетті барлық жағдайлар жасалып келеді. Індет басталған кезде, вируспен ең алғаш бетпе-бет келгенде бізде біршама қиындықтар болды. Қалай дұрыс емдеу керектігін, бірінші кезекте не істеу керектігін білмедік. Бірақ қазір екінші толқынына дайындық барысында алғашқы кезеңдегі қателіктердің, кемшіліктердің бәрі ескерілді. Облыста індетпен күрес шараларына 13 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді, соның 8,8 млрд.теңгесі екінші толқынына дайындыққа жұмсалып отыр. Вирусты жеңіл өткеру үшін бүгінгі күні істелген жұмыс аз емес. Талдықорғанда барлық қажетті құралдармен жабдықталған 200 төсектік жаңа аурухана салдық. Одан бөлек, ПЦР-зерттеу көлемін арттырдық, облыстың 13 ауруханасы кислород стансасымен қамтылды, медициналық мекемелердің әр төсегіне кислород жеткізілген. 180 медициналық жедел жәрдем көлігі мен шағын емхана түрінде жабдықталған 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Соның арқасында облыстың шалғай елді мекендерінің халқы сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алады. Бұл ретте әрбір жедел жәрдем машинасы бүгінгі жаңа талаптарға сай жабдықталған, соның ішінде ИВЛ аппараттары да бар. Осының барлығы медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етіп, медициналық қызметкерлердің өзіне жүктелген міндеттерді толық көлемде атқаруына мүмкіндік береді, - деп атап өтті А.Баталов.
Сол сияқты облыс әкімі медициналық кадрлармен қамту мәселесіне де тоқталды:
- Біз қазірдің өзінде Алматыдан, Нұр-Сұлтан қаласынан 300-ден астам тәжірибелі мамандарды шақырдық. Тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Оған қоса жаңа коттедж қалашығынан да үй бөлеміз. Сонымен бірге Талдықорған қаласында 60 пәтерлік үйдің жобасы дайындалуда. Осының бәрі медицина мамандарын баспанамен қамту үшін жасалып жатыр. Олар халықтың денсаулығын сақтауда, әсіресе індетпен күрес кезінде алдыңғы шепте жүреді. Сондықтан әрқашан оларды қолдауымыз керек. Бәріңізге мықты денсаулық тілеймін, өздеріңізді, жақындарыңызды сақтаңыздар, - деді А.Баталов. Мұнан соң аудан, қалаларға қажеттілігіне қарай берілетін санитарлық автокөліктердің кілтін тапсыру рәсімін атқаруға кірісті.
Медицналық қауым атынан облыстық жедел жәрдем және шұғыл медициналық көмек стансасының басшысы Савелий Пак сөз алып, жұмыс жағдайына да, тұрмыстық мәселелерге де алаңдамай жүктелген міндетті еркін атқаруға жасалған мүмкіндіктер үшін, көрсетілген мемлекеттік қолдаулар үшін зор ризашылығын білдірді.
Атап өтсек, мобильді медициналық кешендерде жалпы қабылдау, акушер-гинекологтың, сәулелі диагностиканың кабинеттері, жалпы тәжірибелік дәрігерге арналған аумақ, дәріхана пункті, анализдер қабылдайтын аймақ, сарапшы санатындағы портативті УЗИ бар. Рентген мен флюорографияны қауіпсіз жасаудың мүмкіндігі қарастырылған. Мүгедек жандар үшін пандус-лифт жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде бейінді мамандар мен алғашқы медико-санитарлық көмек мамандары тапшылығының орнын толтыруға мүмкіндік береді. Оған қоса облыстың шалғай ауылдарында тұратын халыққа арнайы медициналық көмектің қолжетімділігін екі есе арттырады.
Жалпы биылғы жылы Алматы облысында 12,9 млрд. теңгеге 17 медициналық нысан салынуда, олардың қатарында амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер бар. 7 нысанның күрделі жөндеуіне 3,0 млрд. теңге бөлінген.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.