Қала әкімі тұрғындар алдында есеп берді Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады: «Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты http://www.zhetysu.gov.kz»

Қала әкімі тұрғындар алдында есеп берді  Осы сайттан материалдарды көшірген, ретрансляциялаған немесе үзінді алған жағдайда ешқандай өзгеріссіз төмендегідей жазбаны пайдалана отырып (тырнақшасыз) дереккөзді көрсету міндетті шарт болып табылады:  «Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты http://www.zhetysu.gov.kz»

Облыс орталығы Талдықорған қаласын дамыту - облыс басшылығының үнемі назарында. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қаладағы құрылысы жүріп жатқан нысандардағы жұмыстың сапасы мен қаланы абаттандыру жұмыстарын бағамдау мақсатындағы қаланы аралау кезінде Талдықорғанның қала тұрғындарына ең жайлы, әрі ыңғайлы қала болуын, сол үшін бұл бағытта талмай-тынбай сапалы еңбектену қажеттігіне баса назар аударады. Сондықтан да қала әкімінің тұрғындар алдындағы кезекті есептік кездесуіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ж.Ахметов пен облыс әкімі Амандық Баталов арнайы қатысты.

 

Кездесу басында қала басшысы Бағдат Қарасаев бірден биылғы жылы орындалуы тиіс негізгі тапсырмаларды атап өтті. Нақтылайтын болсақ, ол бірінші кезекте - облыс орталығын табиғи газбен қамтамасыз ету, қалалық бассейннің күрделі жөндеу жұмыстары мен оған жақын орналасқан аумақтың абаттандырылу жұмыстары, сонымен қатар орталық саябақты жаңартып, көркейту, қаладағы тәлімбақтың жұмысын ұйымдастыру және «Үйтас» саяжайын су жүйесімен қамтамасыз ету.

 

Б.Қарасаевтың айтуынша, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы 2016 жылы қабылданған 5 жылдыққа арналған Бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.

 

2016 жылы шығарылған дайын өнімнің көлемі 52,0 млрд. теңгеден асып, өткен жылдан 12,0 млрд. теңгеге артық өнім шығарылды. Облыс басшылығы қолдауының арқасында «Талдықорған» индустриалды аймағы толықтай инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.

 

Қазіргі күні индустриалды аймақта 2 зауыт іске қосылып, қызу жұмысын жүргізуде. Атап айтар болсақ, рафинатталған және құйылмалы өсімдік майын өндіретін «Сарқан май» зауыты мен синтетикалық жуғыш заттар шығаруға бағытталған «Аманат Қазына» зауыттары. Осы екі зауытты іске қосудың нәтижесінде қалаға 648,0 млн. теңге инвестиция құйылып, 45 жаңа жұмыс орны құрылды. Индустриалды аймақта бұдан өзге майлы дақылдарды қайта өңдейтін «Жетісу Мажико Агрокешені» ЖШС зауыты мен «СКД-6» ЖШС-нің элеваторы бар нан шығару комбинатының құрылысы жүргізілуде. Соңғы аталған нысандарды ағымдағы жылдың шілде айында іске қосу жоспарлануда.

 

Ауыл шаруашылығында жалпы ішкі өнімнің көлемі 14,0 млрд. теңгеден асып, нақты көлем индексі 101,9 % құрады. Асылтұқымды жылқы мал басы санын арттыру бойынша қойылған тапсырма орындалды. Бүгінде асыл тұқымды жылқы малының саны – 215, ал ұсақ мүйізді мал саны – 3536 басқа артты.

 

Осыдан кейін қала әкімі өз баяндамасында шаһарда шағын және орта бизнесті дамыту, құрылыс, әлеуметтік және коммуналдық салаларға, сонымен қатар тұрғындарды жұмыспен қамту, жастар саясатын жүзеге асыру және қоғамдық тәртіпті орнату бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 

Қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету - есепті кездесудің өзекті мәселесіне айналды. Осы тұста қала әкімі Б. Қарасаев: «Талдықорған қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары 4 кезеңмен жүзеге асады. Бұл дегеніміз 1,4 мың шақырым газды бөліп-тарату жүйесін жүргізу және осы арқылы 20,0 мың тұтынушыны табиғи газбен қамтамасыз ету дегенді білдіреді», - деп атап өтті.

 

Бірінші кезеңнің аясында өткен жылы 3 іске қосу кешені орнатылып, 94,0 мың шақырым газ құбыры жүргізілді. Бүгінгі күні құны 1,8 млрд. теңгеге 46,0 мың шақырым газ жүйесінің құрылысы аяқталды. Осылайша жақын аралықта бірінші кезең бойынша қаланың орталық бөлігі табиғи көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады.

 

Қала әкімі баяндамасының соңында ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауының негізінде құрылғандығын атап өтті.

 

Жиынды қорытындылаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қаланы дамыту бойынша берілген өзекті тапсырмалардың орындалмағандығын айтып, қатаң сынға алды.

 

Бірінші кезекте «Талдықорған» индустриалды аймағын дамыту ісі сынға ұшырады.

 

Облыс әкімі бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 4 млрд. теңге бөлініп, нәтижесінде барлық қажетті жағдай жасалғанымен, осы күнде аталған аймақта тек 2 ғана кәсіпорынның іске қосылғандығына қынжылысын білдірді.

 

- Индустриалды аймақтың тартымдылығын арттыру үшін инвест-форумдар өткізіп, инвесторлармен кездесулер ұйымдастырылуы керек. Сол кездесулерде бизнесті дамытуға қаншалықты қолайлы жағдайдың жасалғандығын паш ету қажет. Кәсіпорындардың өндіріс қуатын ұлғайту, жаңа кәсіпорындарды іске қосу,  жаңа жұмыс орындарын ашу - халықтың әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етеді.  Бұл сайып келгенде Елбасы Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасы, - деп атап өтті А. Баталов.

 

Сондай-ақ облыс әкімі, бүгінгі күнге дейінгі жетістіктердің аз еместігін, елеулі жұмыстардың атқарылғандығын, алайда қарқыны бәсең жүріп жатқандығын айта келе, барлық қажетті жағдайдың жасалғандығын ескере отырып, берілген тапсырмалар мен қойылған межелерді орындау қарқынын үдету керектігін ескертті.

 

Сонымен қатар Амандық Баталов аула ішілік және мектеп алды алаңдарын абаттандыру жұмыстарына, қоқыс жинауға арналған арнайы алаңдардың құрылысының сапасына, арық жүйесінің күрделі жөндеу жұмыстары мен қаланы көгалдандырудың мерзімдік жұмыстарына қатысты бірнеше сын-ескертпелер жасады.

 

Облыс әкімі тек қана орталық көше жолдарының ғана емес, сондай-ақ ықшам аудандар мен қалаға қарасты елді мекендердің жолдарының да жөнделуі мен күтіп ұстауға үлкен мән беру қажеттігін де қадап айтты.

 

Осы тұста қала әкімі жолдарды жөндеу жұмыстарына қатысты біраз мағлұмат беріп өтті. Атап айтар болсақ, өткен жылы қалаішілік жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға 5,0 млрд. теңге жұмсалды, ол 2015 жылмен салыстырған 2,5 млрд. теңгеге артық. Нәтижесінде жұмыстардың барлық түрлерімен қаланың жалпы ұзындығы 61 шақырымды құрайтын 48 көшесі қамтылды. Оның 50 шақырымы немесе 80 % астамы – қаланың қосымша жолдары.

 

Ағымдағы жылы қаланың жалпы ұзындығы 52 шақырымды құрайтын 68 қосалқы жолдарына күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Бұл тұста қаланың ішкі жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде газдандырудың 1-ші кезеңі ескерілді.

 

Осыдан кейін облыс әкімі А. Баталов жолдардың қыс мезгілінде уақытылы қар мен мұздан тазартылмайтындығын, жаяу жүргіншілер жолының бетіндегі мұз қатпарларының алынбайтындығын қатты сынады.

 

- Бұл жұмыстарды жүргізуде адам еңбегін жеңілдететін, арнайы техникалар алынғаны дұрыс. Ұсыныс беріңіздер, қарастырып, шешімін табуға тырысайық. Тек, қала үнемі таза қалпын сақтап тұруы тиіс, - деді облыс әкімі.

 

Өз сөзінде А.Баталов жабайы сауда мәселесіне тоқтала келе, қаланың аумағында рұқсат етілмеген жерде сауда-саттықпен айналысушылардың ісін толықтай тоқтатуды тапсырды. Ол үшін, бірінші кезекте, облыс орталығына өзге аудан, қалалардың сапалы тауарларын жеткізіп, сатуға шығаруға арналған ыңғайлы заманауи сауда орындарын ашу қажет, - деді.

 

- Облыс басшылығы тарапынан Сіздерге барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Жоспарларыңызды іске асыруға қажетті қаражатты да бөлудеміз. Сіздерге қойылар талап – тек жүктелген нақты тапсырмаларды жылдам әрі сапалы орындау. Нәтижесіне халықтың көңілі толатындай болуы тиіс. Талдықорған қаласының тұрғындарына қолдан келген жағдайдың барлығын жасауға тырысып жатырмыз. Қаланың осы күндегі бюджетімен облыс орталығын гүлдендіріп, көздің жауын аларлықтай көріктендіріп жіберуге болады. Жұмыстарыңызды шұғыл түрде қайта қарастыруды тапсырамын, - деді облыс әкімі, өз сөзін қорытындылап.

 

Осыдан кейін кейін қала тұрғындары шаһар әкіміне түрлі сауалдарын қоя бастады. Әкімге қойылған сұрақтардың ішіндегі ең өзектісі қала маңындағы саяжайларды тұрмысқа қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мазмұнында болды. Бұл дегеніміз саяжай тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдар мен кәріз жүйелерін қалпына келтіру, балалардың ойын алаңдарын орнату, көшелерді түнгі уақытта жарықтандыру, қоғамдық жолаушыларды тасымалдаушы көліктердің қалаға қатынау кестесін ыңғайластыру.

 

Сондай-ақ қала тұрғындарын қала төңірегінде соңғы уақытта мал ұрлығы дерегінің белең алуы толғандырды.

 

Тұрғындар қалаға қарасты Еркін ауылында жаңа амбулаториялық пункттің қажеттілігін жеткізді. Бұл мәселені облыс әкімі жеке бақылауына алды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауы бойынша, аталған амбулатория ғимараты құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге тапсырыс берілген.

 

Есепті кездесуде қойылған барлық сауалдарға қала басшылығы тұшымды жауап беріп, азаматтардан түскен ұсыныс-тілектерді мұқият тыңдап, назарға алды. Кездесуге жиналған тұрғындар жиын соңында қала әкімі Б. Қарасаевтың жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.