
Қазақстан Президентінің Жолдауы, сол сияқты конституциялық реформа Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Алматы облысы тұрғындарымен кездесуінің негізгі тақырыбы болды.
Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында Н.Нығматулин «Хильниченко и К» шаруашылығында болды, аудандық емханада медицина мамандарымен тілдесті, аудан тұрғындарымен кездесті.
Ауылдың 16 мың тұрғыны бар, мұндағы 7 мектепте 3 мыңға жуық бала білім алады. Өткен жылы 9,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Ауылда 129 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Өткен жылы олар 23,4 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндірді.
Мәжіліс спикерінің «Хильниченко и К» шаруа қожалығындағы кездесуіндегі әңгіме Мемлекет басшысының аграрлық секторды дамытуға қатысты қойған міндеттері туралы өрбіді. «Хильниченко и К» - еңбекпен табысы тасыған үздік шаруашылықтардың бірі. Мұнда қазір 572 адам жұмыс істеп, мал және өсімдік шаруашылықтарымен, өнім өңдеумен айналысады. Өндірістің толық циклы Алматы облысын түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Президент Жолдауының басты бағыттарын, конституциялық реформалардың жобасын талқылау, сол сияқты бұл бағдарламалық құжаттардың қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететіні туралы әңгіме Қарабұлақ ауылындағы Мәдениет үйінде Н. Нығматулиннің аудан тұрғындарымен кездесуінде одан әрі жалғасты.
Н.Нығматулин Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарының мәнін әрбір сайлаушыға жеткізу, түсіндіру, сол сияқты Қазақстанның алдағы уақыттағы технологиялық және саяси жаңғыртылуының шешуші бағыттарын талқылау өздерінің тікелей міндеті санайтынын айтты.
Мәжіліс спикері биылғы Жолдаудың ерекшелігіне тоқталып, онда Президент жаңа кезеңде Қазақстанның даму болашағын қай бағытта көретінін баяндағанын, сонымен қатар барлық басым бағыттар бойынша жасалатын нақты қадамдарды атап көрсеткенін жеткізді.
- Президенттің Жолдауында айтылған стратегиялық бағыттар парламенттік жұмыстың негізгі ұстанымы болады, деп атап өтті Н.Ниғматулин.
Тұрғындарды конституциялық реформалар шеңберінде жергілікті өзін өзі басқару, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің несие алу мүмкіндіктері, жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері қызықтырды.
Сонымен қатар әлеуметтік мәселелер Н. Нығматулиннің аудандық емханада өткізген медицина мамандарымен кездесуінде де көтерілді.
Денсаулық сақтау мекемесінде амбулатиялық-емханалық көмектің қолайлылығы мен қолжетімділігі үшін «Кезексіз емхана» бағдарламасы енгізілген. Емханада Отбасы денсаулығы орталығы жұмыс істейді, оның құрамында жедел жәрдемнің диспетчері, медициналық тексерудің тіркеуі, скринингтік тексеру, кардиологиялық кабинет бар. Дәстүрлі стоматологиялық, процедуралық, рентген кабинетерімен қатар емханада инсульттен кейінгі, жарақаттан кейінгі қайта қалпына келтіруге қажетті құрылғылармен жабдықталған реабилитациялық кабинет те жұмыс істейді.
Сондай-ақ дені сау балалар бөлмесінде көрсетілетін қызметтерге де сұраныс көп. Мұнда жас аналар баланы тамақтандыру, дамыту, денсаулығын шыңдау жөнінде кәсіби мамандардың кеңесін ала алады.
Емханада фельдшерлер мен орта медициналық персоналдар қосымша оқудан өтетін арнайы кабинет те бар.
Медицина мамандары Президенттің денсаулық сақтау саласында алға қойған міндеттерін жүзеге асыру өздерінің және медициналық мекеменің қызмет көрсету сапасын арттыратынын сенімді түрде айтты.
Президент Жолдауының инновацияны қолдау, оларды өндіріске жылдам енгізу басымдығы Парламент Мәжілісінің төрағасы ұжымымен кездесу өткізген «Aluminum of Kazakhstan» зауытында да аса өзекті.
Мұндағы технологиялық процесс отандық өнім – павлодарлық бастапқы алюминийді өңдеу жолымен дайын өнімнің 280-нен астам түрін шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, олардың қатарында есік жүйелері, жиһаздық материалдар, кеңселік қоршаулар, қасбеттік жүйелер, күмбезді конструкциялар бар. Зауыттың қуаттылығы жылына 12 000 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы.
Н.Нығматулин кездесуге қатысушылардың жаңа кәсіпорындарға мамандар даярлау, халықтың тұрғын үймен қамтылу жағдайын жақсартудағы көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар туралы және басқа да сұрақтарына жауап берді.
Өз кезегінде Алматы облысының тұрғындары Ұлт Көшбасшысының Стратегиясын жүзеге асыруға белсене атсалысатындарын жеткізді.
- Алматы облысындағы бүгінгі кездесулер еліміздің басқа азаматтары секілді өңір тұрғындарының да конституциялық реформалар жобасын, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауларында ұсынылған Қазақстанның технологиялық және саяси жаңғыруының ауқымды бағдарламасын қолдайтындарын көрсетті, - деді Н.Нығматулин жиынды қорытындылап. Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысының тынымсыз еңбегі бір ғана мақсатқа – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ел басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, ұзақ мерзімдік болашаққа бағытталған экономиканың тұрақтылығына қол жеткізуге жұмылдырылғанын сайлаушылардың атап айтқанын жеткізді.
- Сондықтан да Ұлт көшбасшысы жүргізіп отырған ел дамуының стратегиялық курсы жалпыхалықтыңқ қолдауға ие болды, - деді Н.Нығматулин.
Мәлжіліс төрағасының жетісулықтармен кездесулеріне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та қатысты.