
Елбасымыздың халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауы алда атқарылар ауқымды істерді жүзеге асырудағы маңызды құжат екендігі даусыз. Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінде тамаша жетістіктерге жетіп, ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Қай салада болсын дамудың, өркениетке жетудің игі қадамдары жасалды. Табыстарымыз бен жетістіктерімізді бүкіл әлем мойындап және жоғары бағалап, басқаларға үлгі тұтты. Жас мемлекетіміз үшін бұл үлкен мәртебе.
Білім беру, денсаулық сақтау саласында қол жеткізген табыстарымыз, ел экономикасын арттыру жолындағы игі бастамалар, қарапайым халыққа жасалып отырған шынайы қамқорлық – ілгері басуымыздың көрінісі. Биылдан бастап Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болуының өзі ел мерейінің өсуі деп білеміз.
Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуды көздеп отыр. «Нұрлы Жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде қиындықтарды жеңіп, ілгері басуға жол ашылуда. Осындай жетістіктерге жетуімізге елімізде қалыптасқан ұлттар достығының, береке-бірліктің де игі ықпалын тигізгендігін баса айтуымыз керек.
Елімізде экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасалды. Бұл халқымыздың әл-ауқатын арттыруға жол ашуда. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келе жатқан шақта өркениет кешінен қалмау – уақыт талабы. Елбасы өз Жолдауында: «Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әртүрлі екеніне сенімдімін», – деп атап көрсетті. Ендеше, Жолдаудың жүзеге асуына үлес қосу – ортақ парызымыз.
Марат Мәлтекбасов,
І. Жансүгіров атындағы
ЖМУ проректоры,
облыстық мәслихаттың
депутаты.
* * *
Айқын бағыт
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы кәсіпкерлер қоғамдастығы үшін жағымды жаңалықтарымен құнды. Маңызды құжатта аталған бес бағыт бизнес саласымен тығыз байланысты. Бұл Елбасының отандық кәсіпкерлік саласына көрсеткен жанды қолдауының айқын көрінісі. Олай дейтінім, сонау 2013 жылғы Жолдауында Елбасы кәсіпкерлер құқығын қорғайтын және қолдау көрсететін институт құру туралы тапсырма берген болатын. Осылайша бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылып, табысты қызмет атқаруда.
Енді кәсіпкерлер алдында жаңа белестер мен міндеттер тұр. Мысалы, Президент экономика өсімі үшін қажетті болып саналатын жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын қабылдау, сандық технологияны дамыту, шағын несие беруді қолжетімді ету, бизнестің шығынын азайту, заңдағы әкімшілік кедергілерді төмендету, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту сияқты өзекті мәселелерді қозғап, оны тез арада шешу қажеттілігін айтты. Бұл тұрғыда облыстық кәсіпкерлер палатасы осыған дейін де кәсіпкерлік қызметке тарту мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Бизнес кеңесші», «Бизнес Өсу», «Іскер байланыстар» жобалары аясында азаматтарға кәсіп бастауды үйреткен болатын. Биыл аймақ шаруаларын қолдау үшін «Бизнес аймақтар» пилоттық бағдарламасы іске қосылып, төмен пайыздық мөлшермен 600 млн. теңге бөлінді.
Жалпы, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруда жергілікті әкімдіктердің орны мен бизнеске деген қарым-қатынасы сарапқа түседі. Өйткені Жолдау негізінде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажеттілігі аталды, әкімдердің жұмысын бағалаудың бір критерийі ретінде бизнеске көрсеткен қолдау сараланатыны айтылды. Міне, сонда біз 2050 жылға қарай елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнес үлесінің кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ете аламыз.
Ләззат Шыңғысбаева,
облыстық кәсіпкерлер
палатасының директоры.
* * *
Жаңа белеске жетелейді
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын маңызды құжат ел экономикасындағы жаңа бағыт-бағдарларды айқындап берді. Енді оны нәтижелі жүзеге асыру негізгі міндет саналады.
Елбасы өзінің Жолдауында ел экономикасын дамыту бағытындағы Қазақстанның бірінші, екінші жаңғыруы жолында жүзеге асырылған жұмыстар мен қол жеткізген тың табыстарымызды тізбектей келіп, табысты өткен осы жаңғырулар арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтап, үшінші жаңғыруды бастауға тиіс екенімізді атап өтті.
Осыған байланысты Президент: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан –2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі», – деді.
Жолдаудың алғашқы бағытында экономика салаларын жаппай сандық модельге көшіру көзделген. Осы ретте Елбасы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» деген атаумен жаңа бағдарлама әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика, құрылыс секторы мен басқа да салалардағы еңбек өнімділігін арттыруға баса мән берілді.
Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі. Осылай деген Мемлекет басшысы Үкіметке 2020 жылға дейін транзиттік әлеуетті арттыруды жүктеді. Мәселен, контейнерлік және әуе көлігімен жолаушылар тасымалын еселеу арқылы одан түсетін пайданы төрт миллиард долларға дейін жеткізу міндеттелді.
Ел дамуына серпін беретін маңызды құжат болашаққа сенім ұялатып, тың бастамаларды жүзеге асыруға жетелейді. Экономикамызды биік белеске көтеретін Елбасының жаңа Жолдауы алпауыт мемлекеттерді мойындатуға жасалған ұлы қадам деп ойлаймын.