Алматы облысында Талдықорған қаласының аулаларын абаттандыруға биылғы жылы 1,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыға 64 аула жөнделеді. Жалпы облыс орталығында 2014 жылдың басынан бері 120-дан астам аула алаңдары абаттандырылған. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде атқарылуы облыс әкімі Амандық Баталовтың бақылауында, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, тұрғындардың өтінішінен кейін облыс әкімі Талдықорғандағы Гагарин көшесі 105, 146/110 көп пәтерлі үйлердің аулаларының абаттандырылуын барып көрді.
Мұндағы екі ауланың абаттандырылуына қатысты құрылыс жұмыстары негізінен аяқталған, алайда тұрғындар олардың сапасына көңілі толмайтындарын айтқан.
Облыс әкімі, тұрғындармен тілдесіп, жағдаймен танысқаннан кейін мердігер мекеменің жұмысын сынға алды. Асфальт сапасыз төселген, орнатылған шағын сәулеттік формалар жобаға сәйкес емес, орындықтар әлі орнатылмаған, газон төселмеген, қойылған беседкалар қолайлы емес, ал маңайды түгел неге қоршап тастағаны белгісіз.
«Асфальттың үстін майда түйіршікті қабатпен жабу керек, олай етпесе, жаңбыр суы жинақталғаннан немесе ауар жайы өзгерген кезде жарықшақтар, одан кейін шұңқыр пайда болады. Ал мына жерде дәл сол соңғы беткі жабыны жоқ, жуық арада жаңа асфальт жарамсыз болып қалады. Мұндай жөндеу жасағаннан не пайда? Комиссия құрыңдар, оның құрамына осы үйлердің тұрғындарын кіргізіңдер. Комиссия осы екі ауланы толық тексерсін. Жобаға сәйкес келмейтін жерлерін, сапасыз жасалған жерлерді бәрін мердігер өз есебінен қайта жасасын. Менің бірінші орынбасарым Лаззат Турлашов пен қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жауапты болады. Өткен жылы біз Талдықорғанда аулаларды көркейткенге 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсасақ, биыл 1,5 млрд. теңге бөлдік. Бұл – өте үлкен сома, облыс орталығының көп қабатты үйлерінің ауласын талапқа сай көркейтуге жасалған үлкен мүмкіндік. Осының бәрі халықтың сапалы өмір сүруі үшін жасалып жатыр. Әрбір атқарылған жұмыстың сапасы қатаң бақылауда болуы керек, мердігер ұйымдардың немқұрайлы болуына жол бермеуіміз керек», - деп атап өтті А. Баталов.
- Бәрін, ұсақ-түйек демей, әрбір детальдардың өзін қалай орнатылғанына дейін қарап тексеріңдер. Осы аулаларды абаттандыру жұмыстарының үлгісі ретінде көрсете алатындай болуымыз керек. Барлық кемшіліктерді жоюға мердігер ұйымға бір ай уақыт беремін, егер бір айдың ішінде жұмысты тиісті деңгейде орындай алмаса, онда құжаттарын тиісті қадағалаушы органға тапсырыңдар. Қарашаның соңында – желтоқсанның басында тағы бір рет келіп көремін, бәрін тексеремін. Сосын барлық абаттандырылған аулаларды түгел аралап шығамын. Жұмысқа жауапкершілікпен қарау керек. Жасаған ісімізге тұрғындар риза болса екен деп жасау керек, сонда ғана жұмыс нәтижелі болады, - деді облыс әкімі. Қала әкімі мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірге қаладағы барлық аулаларды тағы бір рет тексеріп көріп шығуды тапсырды.
«Салынып жатқан нысандарды аралағандарың нәтижелі болсын. Құрылыс қайда жүріп жатыр, қалай жүріп жатыр, талаптарға сәйкес пе деп үнемі бақылап отыру керек. Қала тап-таза, әдемі, жайлы, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы болуы тиіс. Сонда ғана туған қаламыз үшін жан салып жұмыс істегендерің көрінеді. Тәртіп, тазалық, қолайлық – осы талаптар үнемі назарда болсын», - деп сөзін қорытындылады А. Баталов.
Атап өтсек, Талдықорғанда 245 көп қабатты тұрғын үй аулалары бар, олардың 64-ін абаттандыруға биылғы жылы 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.