Алау Эстафетасының екінші кезеңі Талдықорған қаласының орталық алаңда жалғасты. Универсиаданы қолдауға арналған спорттық флешмоб өткізіліп, оған 500 студент қатысты. Мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Екінші кезең аясында Алауды Тәуелсіздік көшесінің бойымен Горький және Ломоносов атындағы мектептердің жанымен алып өтіп, жол бойы ролик киген тағы 20 спортшы қатарға қосылды. Эстафетаның екінші кезеңі «Жастар» Спорт сарайында аяқталды.
Алауды бокстан Әлем және Азия чемпионы Жәнібек Әлімханұлының қолынан облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев қабылдап алып, көпшілікті елеулі оқиғамен құттықтады. Универсиада алауын 29 қаңтарда Бүкіләлемдік студенттік спорт жарыстарының ашылуы өтетін Алматы қаласына салтанатты түрде тапсырумен шараның нүктесі қойылды.
Эстафета жайлы ой-пікірін «Қазақстан» телеарнасының операторы, «Көшбасшы - 2016» сыйлығының иегері Берік Құлшанбаев былайша білдірді:
- Маған Алау ұстау сеніп тапсырылғаны – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл шара Универсиаданың рухын сезіндірді, маңызы мен жауапкершілігін ұғындырды. Президентіміздің арқасында Бүкіләлемдік XVIII қысқы Универсиаданың біздің жерімізде - Қазақстанда өтетінін мақтан тұтамын, - деді.
Өз кезегінде Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Карина Горичева:
- Талдықорған – менің туған жерім, сүйікті қалам. Сондықтан қала көшелерімен Алауды алып жүресің деген ұсынысты естігенде қатты қуандым. Талдықорғанның Алау Эстафетасына қатысқанына шын жүректен ризамын, - деді.
Қуанышын волейболшы Коринна Ишимцева да жасыра алмады:
- Спорт – менің өмірім. Елімізде Универсиада сияқты үлкен доданың өтуі қай спортшыға да жігер беретін оқиға. Сонымен қатар талай адамның спортқа деген қызығушылығын туғызып, саламатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді деп ойлаймын, - деді спортшы.
Жалпы Қысқы Универсиада ойындары Алматы облысының спорттық нысандарында да өтетінін атап өту керек. Анықтап айтқанда, «Табаған» спорттық-сауықтыру кешені мен «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде шаңғы қоссайысы, сноубордтан, фристайлдан, биатлоннан жарыстар, шаңғымен жарыс түрлері өткізіледі. Екі нысан да облыстың Талғар ауданында орналасқан. Аталмыш әлемдік додаға Алматы облысының 6 спортшысы шаңғы қоссайысы, мәнерлеп сырғанау және керлинг бойынша жарысқа қатысады.