Бүгін Талдықорғанда Дүниежүзілік XXVIII қысқы Универсиада Алау эстафетасы шеңберінде Универсиада Алауы салтанатты түрде жағылып, оған 25 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында спортшылар, бүркітшілер, оқушылар, студенттер, спортсүйер қауым бар. Алау жағу салтанаты «Жастар» саябағында өтті.
Универсиада Алауын жағу салтанаты Талдықорғандағы жоғары және арнайы орта білім беру мекемелерінің студенттерінің қатысуымен өткен шерумен басталды. Облыс әкімі Амандық Баталов құттықтау сөз сөйледі.
- 2017 жылы Бүкіләлемдік қысқы Универсиада спорттық шарасы елімізде тұңғыш рет өткелі отыр. Оған Мемлекет басшысының спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде қол жеткіздік. Бұл әрбір қазақстандық үшін маңызы ерекше оқиға болмақ. Алматы облысының осы әлемдік спорттық жарысқа атсалысатыны, өз аумағындағы спорттық нысандарында спортшыларды қабылдайтыны - біз үшін қуанышты жайт, - деді А. Баталов.
Мұнан кейін облыс әкімі осы аса жауапты да маңызды жарыстар алдында Талдықорған Эстафета Алауын қабылдайтынын атап өтті:
- Универсиада жарысы мен Эстафета Алауын жағу кезеңі талдықорғандықтардың есінде жарқын естелік болатынан сенімдімін. Қазақстандық спортшылар құрамасына жоғары жетістіктер тілеймін! Универсиада алауы әрқайсымыздың жүрегімізге спортқа деген сүйіспеншілік отын жағып, спортшыларымыз әлемдік додада жаңа рекордтар мен жарқын жеңістерге қол жеткізуіне тілектеспін, - деп А. Баталов тілегін білдірді.
Барлық қатысушыларды ерекше оқиғамен құттықтаған А. Баталов Универсиада Алауы жағылған факелді 200 метр жүгіріп өтіп, спортшы Карина Горичеваға ұсынып, Алау эстафетасының алғашқы кезеңін бастап берді.
Алаугерлер қаланың орталық көшелерімен жүгіріп өтіп, шараның алғашқы кезеңі «Жастар» саябағынан орталық алаңға дейінгі аралықты қамтыды. Екінші кезең орталық алаңнан басталып, «Жастар» Спорт сарайында аяқталады.
Эстафетаға жолдан жоғары оқу орнының студенттері, велосипедшілер, байкерлер, қолддарына бүркіт қондырған бүркітшілер қосылды. Балапанов көшесінен басталып, Алауды Жансүгіров көшесімен алып жүрді, Жетісу мемлекеттік университеті мен Достық үйінің жанынан өтіп, «Халықтар достығы» композициясы көрсетілді.
Алауды алып жүретін спортшылар қатарында Қазақстан Республикасының бокстан халықаралық санаттағы спорт шебері, Азия және Әлем чемпионы, XVII жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы Жәнібек Әлімханұлы, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, XVII жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем және Азия чемпионы, Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы Нұрмахан Тінәлиев, Қазақстан Республикасының пауэрлифтингтен еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем және Азия чемпионы, Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева, Қазақстан Республикасының ауыр атлетикадан халықаралық санаттағы спорт шебері, Әлемнің екі дүркін чемпионы Ибрагим Берсанов, Қазақстан Республикасының ауыр атлетикадан халықаралық санаттағы спорт шебері, Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Карина Горичева т.б. бар.