
Елбасымыз өзінің тарихи үндеуімен тағы да бүкіл әлемнің назарын Қазақстанға аударды. Елімізде 2005 жылғы Президентіміздің «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауынан кейін мемлекетті реформалаудың кезең-кезеңге негізделген жаңа үдерісі басталды. Мемлекет басшысының осы үндеуін қазақ қоғамын жаңартып, жаңғыртудың заңды жалғасы деп білемін. Елбасымыз ел тарихындағы жаңа кезеңді бастап берді.
Қазақстан ширек ғасырда бейбітшілік пен келісім салтанат құрған көпұлтты халықтың алтын бесігіне айналды. Соның арқасында еліміздің әлемдік аренадағы абырой-беделі артып, республикамызға миллиардтаған инвестициялар тартылуда. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуымыз бен Астананың EXPO-2017 көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алуы да соның айқын дәлелі. Елбасы еліміздегі елеулі мәселелерді шешумен қатар мемлекеттік басқарудың заманауи, тұрақты, ұтымды үлгісін қалыптастыруды да қарқынды жүргізуде. Бұл батыл қадам парламент пен үкіметтің өкілеттіліктерін арттырып қана қоймай, оларға қабылдаған шешімдеріне сәйкес жауапкершілік жүктейтінін де ескеру керек.
Елбасының 25 қаңтарда Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде бірнеше маңызды мәселелер қозғалды. Соның бірі - жаңа саяси реформа аясында Парламенттің рөлінің күшейтілуі. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал етпек. Бұл өз кезегінде министрліктердің жауапкершілігін арттыруға бірден-бір себеп. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының бүгінгі қоғамдағы беделі мен халық сенімінен шығуы партияның белсенділігі мен абыройын анық көрсетеді. Елбасының сындарлы саясатын, жаңашыл бастамалары мен бүгінгі күн сұранысына сәйкес батыл қадамдарын нұротандықтар әрдайым қолдайды. Біздің абыройлы міндетіміз – ел тыныштығы мен саяси жүйенің қарапайым халыққа толыққанды қызмет етуі. Бұл салада атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Бүгін біздің қатарымызда республика бойынша миллионнан астам нұротандықтар бар. Партия қатары білімді азаматтармен, жастармен күннен күнге толығуда. Алматы облысының 338 Бастауыш Партия ұйымдары Елбасының Үндеуі мен еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер жобасын қоғам арасында барынша кең насихатталуы мен қоғамдық талқылаулар арқылы бұл бастаманың негізгі бағыттарын айқындауды қолға алады.
Қашанда ұрпақ қамын ойлайтын Мемлекет басшысының Конституция кепілі ретінде қабылдаған жаңа тарихи шешімі қазақ қоғамындағы саяси тұрақтылық пен экономикалық қарқынды дамудың нақты дәлелі деп білемін.
Сарыбаев Ғалиасқар Төлендіұлы,
«Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары.
* * *
Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген бес институционалды реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы бағытында елімізде жан-жақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл қадамдар іс жүзінде жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап бере алатын, жаңа тарихи жағдайларда еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі басты құжаты деп белгіледік. Президент Қазақстан - 2050 стратегиялық бағдарламасында да еліміздің өркениет бағытын жан-жақты көрсеткен болатын.
Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан көріну үшін алдымен еліміздің экномикасын көтеріп, әл ауқатын арттыру қажеттігін де талай айтқан. Ұлт дамуының басты ұстынына айналатын Ұлттық жобада Елбасы бірінші, кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытында 15 қадам жасалуы керек екендігін көрсеткен еді. Енді міне, осы қадамдарды жүзеге асырудың нақты мерзімі келіп, демократиялық, құқықтық мемлекетті дамыту мақсатында Елбасы үлкен қадамға барып Қазақстан халқына арнайы үндеу жасады. «Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым», - деп ел болашағы үшін тәуекелді шешім қабылдап отыр. Мұның өзін Елбасының инновациялық ойлауы, реформаторлық қасиеті, білікті саясаткерлігінің нәтижесі деуге болады.
Бәрімізге белгілі, еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуы, саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуы жолында жүргізілетін аса күрделі және сан-салалы жұмысты басқаратын елдің саяси билігі. Саяси билікте шешуші тұлға Президент болғандықтан осы күнге дейін бар салмақ, құзыреттілік Президент еншісінде болды. Қарапайым халық үшін Президент қызметінің тағдырлық маңызы күшті екені даусыз. Алдайда бұл қадамға Елбасы «Мен Президент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын», - деп ағынан жарылуда. Үндеуде Елбасы Үкіметке қандай басымдық берілетіні, Парламент құзырына не кіретінін ашып айтып отыр. Билік тармақтарын бөліп беру арқылы олардың жауапкершілігі қалай артатындығын да жіпке тізіп берді. Ал билік басымдықтары Үкімет пен Парламентке өтсе қай бағытты ұстанамыз деген күдікті Президент: «Реформалар бағдарламасы – ол Қазақстан қай бағытта жүреді деген сауалға біздің жауабымыз. Жауап айқын және дәйекті – демократиялық даму жағына қарай», - деген нақты жауабымен сейілтті.
Ұсынылып отырған шаралар демократиялық процестің ары қарай жалғасын табатындығын көрсетеді. Саяси биліктегі екі негізгі тармақтың, яғни, Үкімет пен Парламенттің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар екі тармақтың кәсібилігін арттырып, елдің саяси-экономикалық дамуындағы зор жауапкершілікті жүктейді. Бұл реформаның бәрі сайып келгенде, билік пен халықтың тұтастығын нығайтады. Билік пен халық жақын болса, мемлекет күшейеді. Әлеуметтік - саяси орта жақсарса, онда азаматтардың отансүйгіштік, патриоттық сезімдері артады. Әл ауқаты жақсы халық қана демократиялық құқықтық мемлекет құруда белсенді болады.
Ең бастысы, Президент ұсынған өзгерістер, яғни, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бір ай бойы бүкілхалықтық талқылауға түсіп, сараланбақ. «Келісіп пішкен тон келте болмайды»- дегендей ел болып пікір білдіріп, ұсыныс-тілек айтсақ, бұл реформа оңтайлы жүзеге асады деп ойлаймын. Елімізде жаңа мазмұндағы саяси жүйе қалыптасып, ол ел игілігі, мемлекет мүддесі үшін тиімді жұмыс атқарады деп сенемін.
Отанымыздың орнықты дамуы мен алға жылжуына бағытталған бұл Үндеуді өз басым толық қолдаймын.