Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Қапшағай қаласында болды. Алдымен қаланың шекарасында орнатылған стенділердегі ақпараттар арқылы жол жиегіндегі құрылыс нысандарының жұмысын жақсарту жобаларымен танысты. Қала әкімі Талғат Қайнарбеков "Алматы-Өскемен" автожолы бойының қалақұрылыстық жоспарлау кешені, "Алматы – Арқарлы" телімі, ондағы сервистік қызмет көрсету нысандарының жобалары туралы баяндап, қаланың кіреберісінің сәулеттік келбеті жобаларын да көрсетті.
Мұнан кейін облыс басшысы Заречный ауылдық округіндегі азық-түлік өнімдерін өндіру зауыты құрылысының барысымен танысты. «Арна» өндірістік аумағында 13,5 га алаңға орналасатын зауыт тәулігіне 90 тонна тамақ өндіруге қауқарлы болмақ. Қазіргі кезде мұнда жер тегістеу ісі аяқталып, геодезиялық жұмыстар, сыртқы электр, су және кәріз жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы сметалық құны 6,4 млрд. теңгені құрайтын зауыт шығарылған өнімдерін Монғолия, Өзбекстан, Қырғыз, Қытай елдеріне экспортқа шығаратын болады. Облыс әкімі А. Баталов мұндай аса ірі инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін, алдағы уақытта зауыт учаскесінің шекарасына дейін табиғи газ жеткізілетінін айтты.
Аумағы 5 гектар жерге қияр мен қызанақ өсіріп отырған Қапшағайдағы «Грин Лэнд Алатау» ЖШС-ның тиянақты жұмысын облыс басшысы арнайы барып көрді. Мұнда өткен жылы 1693 тонна қызанақ, 1595 тонна қияр өсірілген. Өндірілген өнім Қазақстанмен қатар Ресей мемлекетінде өз тұтынушыларын тауып отыр. Голландиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Серіктестік директоры Алмас Дауытовтың айтуынша, жобаның екінші кезеңі 2018 жылы қолға алынады. Табиғи газ тартылғаннан кейін әзірге бос жатқан 15 гектар жерге жылыжай аумағы кеңейтілетін болады. 2017 жылы қажетті құжаттары мен инфрақұрылымын әзірлеп, 2018 жылы құрылысын бастау жоспарда бар.
Қапшағай қаласында барлығы 10 ірі ПИК-ке топтастырылған көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын жаңарту да – уақыт талабы. Осыған орай облыс басшысы қаланың 1-шағын ауданындағы № 17, 19 үйлердің аулаларында болып, аула алаңдарын жаңарту жобаларымен танысты. Аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Қайрат Күленбаевтың айтуынша, жалпы аулаларды абаттандыру кезең-кезеңімен іске асырылып, оған жалпы сомасы 687 млн. теңге бөлінбек, ал биылғы жылы бұл жұмыстың алғашқы кезеңіне 100 млн. теңге облыстық бюджеттен қарастырылған. Осы қаржыға қаладағы 12 ауланы көркейту жоспарланған. Балалардың ойын алаңдары, баскетбол, футбол алаңдары, орындықтар, урналар, қоршаулар, жаяу жүргінші жолы – барлық жағдайлар жасалатын болады. Облыс әкімі Амандық Баталов ауланы абаттандыру барысында ауладағы балалардың еркін ойнап, қариялардың демалып, әңгімелесіп отыруларына қолайлы жағдайлардың бәрі сапалы қарастырылуы керектігін баса тапсырды.
Мұнан соң ресми делегация Саябақ кешені жобасымен танысты. Облыс әкімі А. Баталов қала басшылығына Орталық алаңдағы құрылысы аяқсыз қалған Мәдениет үйі ғимаратын қалпына келтіру жобасына қатысты бағыт-бағдар берді. Қалада алдағы уақытта Жеңіс саябағы, мәдени және демалыс саябақтары біріктіріліп, саябақтар кешенін қалыптастырмақ.
Қапшағайдың ең басты бағыттарының бірі – көлдің жағалауын дамыту. Осы істің алдағы жоспарын таныстырған қала әкімі Талғат Қайнарбековтің айтуынша, жалпы аумағы 8,2 га 5-ші және 6-шы жағажайларға биылғы жылға 265 млн. теңге бөлінген. Мұнда жағалау волейболы, жағалау футболы алаңдары, жағалау бульвары, балалардың ойын алаңдары, қайыққа арналған пирс, басқа да қажетті мүмкіндіктердің бәрі жасалмақ. Облыс әкімі Амандық Баталов қалалық көл жағалауы демалыс аймағының ең алдымен сапалы жасалуына, қызмет көрсету құны қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болуына назар аударуды міндеттеді. Туризмді дамытуға зор ықпал ететін жағалауды абаттандыру жобасын әзірлеп, ұсынуды тапсырып, облыс басшылығы тарапынан бұл іске барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін айтты.
Осыдан кейін облыс әкімі Қапшағай қаласы әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына қатысып, кездесу барысында қалаға жасаған жұмыс сапарын қорытындылайтын болады.