Универисада алауы лаулайтын күн жақын

Универисада алауы лаулайтын күн жақын

25 қаңтарда Астана қаласында қысқы Универсиада алауы жағылады. Осы күннен бастап 5 күн ішінде еліміздің барлық облыстарының жоғары оқу орындарында Универсиада алауын алып жүру рәсімі өтеді.  Талдықорған қаласында бұл маңызды күн 28 қаңтарға белгіленген. Қала қазір аталмыш шараға барынша дайындық үстінде, алауды алып жүретін азаматтар анықталып, қала көшелерінде алып жүру бағыты да белгіленген. Облыс орталығында 60 алаугер «Жастар» саябағы, «Жастар» Спорт сарайы және орталық алаң арқылы белгіленген бағыт бойынша қала көшелерін аралап, жүріп өтеді.

 

Алауды алып жүретін спортшылар қатарында Қазақстан Республикасының бокстан халықаралық санаттағы спорт шебері, Азия және Әлем чемпионы, XVII жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы Жәнібек Әлімханұлы, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, XVII жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем және Азия чемпионы, Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы Нұрмахан Тіләлиев, Қазақстан Республикасының пауэрлифтингтен еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем және Азия чемпионы, Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева, Қазақстан Республикасының ауыр атлетикадан халықаралық санаттағы спорт шебері, Әлемнің екі дүркін чемпионы Ибрагим Берсанов, Қазақстан Республикасының ауыр атлетикадан халықаралық санаттағы спорт шебері, Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Карина Горичева бар.