
Кеңес жұмысы барысында облыс әкімдігі, кәсіподақ, ұлттық компаниялар мен өнеркәсіп орындары арасында бірқатар меморандумдарға қол қою рәсімі жасалды.
Жиында Премьер-Министр орынбасары Б.Сапарбаев Елбасымызың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауының басым бағыттарына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне тоқталды. Б.Сапарбаев өз сөзінде Елбасының тапсырмасы негізінде елімізде жергілікті қамтуды дамыту, өңірдің өнеркәсіп әлеуетін арттыру, өндірістік жағдайды тұрақтандыру мен жұмысшылар кепілдігі, еңбек құқығын сақтауға байланысты кең ауқымды жұмыстар жүргізіліп, меморандумдарға қол қойылып жатқандығын айтты.
-.Жолдауда көрсетілген «Батыс Европа – Батыс Қытай», Алматы – Өскемен автожолы және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған - Алматы» жоғары вольтті желілерінің құрылысы барысында қаншама тұрақты жұмыс орындары ашылады. Осының нәтижесінде бюджетке түсетін салықтың мөлшері де артады. Бүгінгі таңда Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық деңгейі жоғары дәрежеде. Ел экономикасының дамуында өсім мен нақты нәтижелер көрсету үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мемлекет пен бизнес саласының бірігіп жұмыс істеуі жергілікті қамту мен отандық өнімді дамытуға үлес қосып, тұрғындардың жұмыспен қамтылу көлемінің азаюуына жол бермейді, - деп атап көрсетті Б.Сапарбаев.
Осыдан кейін, облыс әкімі Амандық Баталов үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты көмектер үшін Б.Машбекұлына алғысын айтты.
-.Жолдауда айтылған негізгі басымдықтарды жүзеге асыру – бұл біздің басты мақсатымыз. Осы бағытта үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектердің нәтижесінде белсенді түрде жұмыс атқарудамыз. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес өңірдің әлеуметік-экономикалық дамуына баса назар аударылып, өндірістік өсім мен тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де қолға алынуда. Бүгінгі қол қойып отырған меморандумдар біздің кәсіпорындарға өзінің көмегін тигізіп, өнім сапасын арттыруға тың серпін береді, тұрғындар жұмыстарын сеніммен атқарып, еңбекақыларында тұрақтылықты сезінері анық, - деп атап өтті облыс әкімі.
Бұдан кейін 2014 жылғы индустрияландыру қорытындысы мен өңір экономикасын ары қарай дамыту туралы облыс әкімінің орынбасары С.Тұрдалиев, «Азия Электрик» АҚ Президенті В.Югай және «Келісім» қоғамдық ұйымының төрағасы Б.Аханбаевтар сөз сөйледі.
Форумның өту барысында жалпы сомасы 22,6 млрд. теңгені құрайтын бірлескен 17 меморандумға қол қойылды.
Өндірістік процестерді тұрақтандыру мәселесі, еңбек құқығы мен жұмысшыларды жұмыспен қамту мәселесі негізінде бірінші бағыт бойынша облыс әкімдігі, кәсіподақ ұйымы мен жұмыс берушілер арасында 8 меморандумға қол қойылды. Олар: «Kagazy Recycling» ЖШС, «Кнауф Гипс Капшагай», «RG BRANDS» «Аксенгир» филиалы, «Метакон», «Инфраэнерго», «Темирбетон», «Суффле Казахстан» мен «Первый пивзавод».
Екінші бағыт жергілікті қамтуды дамыту бойынша облыс әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазахтелеком», «ҚазАвтоЖол», «Kegok» ұлттық компаниялары арасында 5 меморандумға қол қойылды.
Тағы да 4 меморандум жергілікті қамтуды дамытуда бірлесіп жұмыстар атқару үшін облыс әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы», «Kegok» ұлттық компаниялары арасында және «АСПМК-519», «Жерсу металл», «Магнетик», «Алматинские краски» отандық өнім өндірушілерімен бекітілді.
Кездесу соңында вице-премьер Б.Сапарбаев меморандумға қол қою рәсіміне қатысқандарға өз ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта осы келісімдерде белгіленген жұмыстарды атқару қажеттігін жеткізді.