Бақтардың көлемі 23мың гектардан асты

Бақтардың көлемі 23мың гектардан асты

Ұйғыр ауданында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың кешенді жоспары шеңберінде биылғы жылы 22 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себілген. Бұл ретте аудандағы бақ көлемі 4200 га, оның 464 гектары биыл егілген. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында бақтардың жалпы алаңы 23,5 мың га құраған, соның ішінде 2 мың гектар интенсивті бақты қосқанда алма бақтарының алқабы – 14,1 мың га. Биылғы жылы 139 мың тонна жеміс-жидек, соның ішінде 92 мыңға жуық тонна алма жинау жоспарланған, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Ұйғыр ауданы әкімдігінің айтуынша, бақ өсірумен айналысатын шаруашылықтың басым бөлігі  ылғал сақтау технологиясына белсенді түрде көшуде. Бүгінгі күні ауданда 372 га бақта тамшылатып суару желісі жүргізілген. Сол қатарда алма мен дәнді жемістер өсіретін «Alma Prodex» ЖШС да бар. Серіктестіктің алма бағының көлемі - 25 га. Алманың «Голден Делишес», «Фудзи», «Бребурен», «Флорина», «Гала», «Грени Смитт», «Ред Чиф» сияқты жоғары өнім беретін танымал сорттары өсірілуде. Бұл сорттар, сондай-ақ, дәруменге бай, тасымалдауға және сақтауға шыдамды. Алма бақтары тамшылатып сурару жүйесі арқылы суғарылады. Ағаштарды зақымданудан және ауа райының түрлі факторларынан қорғау үшін көшетті бекіте түсуге арналған арнайы торлы жүйе орнатылған. Ол көшетті күн сәулесінің жоғарғы қарқынмен түсінен де қорғайды.  

«Alma Prodex» ЖШС директоры Қалиахат Үксүмбаевтың айтуынша, шаруашылық жылына 350 тоннаға дейін өнім алады. Өнімнің көп бөлігі отандық нарыққа шығарылады. Мұнда тұрақты жұмыспен 11 адам қамтылған, ал маусым кезінде тағы 30 адам жұмысқа тартылады. Сол сияқты биылғы жылы 24 га жерге абрикос отырғызылды.  

Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі облыста 7 мың гектарға ұлғайтылып, 969 мың гектарға жеткізілді. Қант қызылшасының алқабы 16 мың га, жүгері – 87 мың га, жаңа бақтар 1,2 мың га жерге отырғызылды.

 Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.