
Биылғы жылы Алматы облысы Көксу ауданында жалпы ұзындығы 47 шақырым болатын автокөлік жолы жөнделсе, соның 40 шақырымы – «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында, 7 шақырымы – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде жаңарды. Жалпы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Алматы облысының Көксу ауданында сомасы 5 млрд. 518 млн. теңге болатын 33 жоба жүзеге асырылып жатыр, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көксу аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, аталмыш бағдарламамен әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымды дамыту, білім мен мәдениет нысандарын жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық саладағы жобалар жүзеге асырылуда. «Қазіргі кезде ауданда 400 жұмыс орны құрылды, соның ішінде 268 адам жұмыспен қамту орталының бағыттауымен орналастырылды», - дейді аудан әкімі Алмас Әділ. Оның айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында ауылдық елді мекендерде 48 көше жөнделіп біткен, тағы 10-ы жөнделеді деп жоспарланып отыр. Олардың жалпы ұзындығы 40 км.
Жалпы биылғы жылы Көксу ауданында 47 шақырым автокөлік жолы жөнделуде, атап айтқанда 40 шақырымы – «Жұмыспен қамту жол картасы», 7 км – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүргізілді. Соның нәтижесінде жыл соңына қарай аудандағы жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдың көлемі 80 %-ке жеткізіледі.
Атап өтсек, биылғы жылы Алматы облысында жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 61,7 млрд. теңге қарастырылған, соның 19,7 млрд. теңгесі «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы бөлінді. Жыл соңына дейін облыс аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдың үлесі 84 %-ке жетеді деп жоспарланып отыр.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.