Алматы облысында 3 мыңнан астам адам халықты әлеуметтік қорғау саласында еңбек етеді. Кәсіби мерекелері қарсаңында әлеуметтік сала мамандарын құттықтау онлайн режимде өтті. Аудан, қалалардың жұмыспен қамту орталықтары мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері шараға селекторлық бейнебайланыс арқылы қатысты. Талдықорған қаласындағы Салатанат сарайында өткен шарада сала мамандарын облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов құттықтады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған Батыржан Байжұманов алдымен әлеуметтік саланы дамыту бағытында өңірде атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні бұл салада облыс бойынша 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді:
- Адамдарға деген сүйіспеншілікпен, ізгілікпен күнделікті атқарып жүрген игі де жауапты жұмыстарыңыз үшін бүгін осы мерекеге орай сіздерге зор алғысымызды білдіреміз. Облыс әкімінің атынан сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, зор денсаулық, жақсылық пен табыс тілеймін. Ерлікке толы еңбектеріңіздің өтеуі ретінде сый мен алғысқа бөлене беріңіздер, - деп Б.Байжұманов марапаттау рәсіміне көшті.
«Еңбек жолы» облыстық конкурсының барлық жүлдегерлеріне 50 мың теңгенің арнайы сертификаты берілді. «Үздік еңбек әулеті» номинациясында Сарқан ауданынан білім саласында еңбек ететін Қалиевтар отбасы жеңімпаз атанды. Ал Сарқандағы «Нұр» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Айгүл Асқарова «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атанды. «Өндірістің үздік жас қызметкері» атанған Кеген ауданындағы «Мойнақ ГЭС-і» АҚ-ның электромонтері Ахлидин Құрбанов та осындай құрметке ие болды.
Осындай сертификаттармен еңбектегі үздік нәтижелері үшін Талғардағы «Аяла» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Балқаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Алакөл аудандық Жұмыспен қамту орталығы марапатталды.
Әлеуметтік саланың бірқатар мамандары елеулі және белсенді еңбектері үшін «Қазақстан Республикасы Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының алғыс хаттарымен наградталды. Марапатқа ие болғандар арасында «Ерлік» тірек қозғалысы зақымданған мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжаркенова, «Үміт» мүмкіндігі шектеулі балалардың күндізгі болу орталығының директоры Әлия Садықова, «Мүгедектердің спорттық оңалту орталығы» ҚБ төрағасы Елдос Баялышбаев, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған Талдықорғандағы «Жанұя» әлеуметтік орталығының директоры Жанар Нұрмұханова, «Республикалық протездік-ортопедиялық орталығы» АҚ президенті Николай Петров және басқалары бар. Кәсіби мерекеге орай аудан, қалалардағы мамандарды қосқанда барлығы 31 қызметкер марапатталды.
Онлайн-режимде өткен шараның соңында әріптестерін Қаратал ауданынан әлеуметтік сала ардагері Серік Амандосов, сол сияқты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Жансерік Әдиахметов құттықтап, лебіздерін білдірді.
Атап өтсек, 1 қазандағы мәлімет бойынша 33,7 мың аз қамтылған азамат 5,5 млрд. теңгеден астам сомаға әлеуметтік көмектің әр түрін алды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтуға 5,2 млрд. теңге бөлінді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,3 млн. теңгеге артық. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 897 нысаны кедергісіз орта қалыптастыруға бейімделді, бұл мақсатқа 266,0 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар «Инватакси» қызметіне жергілікті бюджеттен 186,3 млн. теңге жұмсалды, 2014 жылдан бері осы салаға 33 бірлік арнайы көлік тартылған.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.